«Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» тұрақты даму мақсатын жүзеге асыру аясында 2025 жылғы 25 қарашада М.Тынышбаев атындағы ALT Университетінің Үлкен конференц-залында болашақ кәсіби жолын бастағалы отырған студенттер мен салалық компанияларды біріктірген бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шара Қалалық карьера орталығының қолдауымен ұйымдастырылып, жұмыс берушілер мен түрлі салалардың болашақ мамандары арасында тікелей байланыс орнататын маңызды алаңға айналды. Атап айтқанда, жәрмеңкеге көлік, инженерия, энергетика, өндіріс, IT және бизнес бағыттарындағы компаниялар қатысты.
Жәрмеңкеге Қазақстандағы жетекші ұйымдар қатысты. Олар: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Досжан темір жолы» ЖШС, «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС, «ҚаздорНИИ» АҚ, «Қазавтожол» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Integra Construction KZ» ЖШС, «КАЖ-сервис» ЖШС, «Имсталькон» АҚ, «Huawei Technologies Kazakhstan» ЖШС, «Алматинские электрические станции» АҚ, «KAZ Minerals Management» ЖШС, «Инкрайз» ЖШС («Шин-Лайн» тобы), «Solva Technology» ЖШС, «BI Development» ЖШС, «Шынгар Транс» ЖШС, «АЗТМ» ЖШС және университеттің өзге де серіктестері. Компаниялар студенттерге бос жұмыс орындары, тағылымдама, дуальды оқу және мансаптық өсу мүмкіндіктерін ұсынды.
Күн бойы студенттер белгіленген кесте бойынша көрме аймағында жұмыс берушілермен еркін форматта әңгімелесті. Әрбір білім бағдарламасының студенттері жеке кеңес алып, жұмыс талаптары туралы сұрақтарын қойып, резюмелерін тапсырып, алғашқы сұхбаттан өтуге мүмкіндік алды. Жұмыс берушілер ALT студенттерінің дайындық деңгейін жоғары бағалап, олардың кәсіби өсуге деген қызығушылығын атап өтті.
Сонымен бірге қатысушылар үшін «Шин-Лайн» компаниясы тиімді резюме дайындау және сұхбаттан сәтті өту тақырыбында мансаптық мастер-класс өткізді. Студенттер компания мамандарынан еңбек нарығына дайындалуға қатысты практикалық кеңестер алды.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар компания серіктестеріне алғыс білдіріп, имидждік өнімдердің ұтыс ойынын өткізді. Іс-шара бейресми қарым-қатынасқа ұласып, студенттер мен жұмыс берушілер болашақ ынтымақтастық және кәсіби даму мүмкіндіктерін талқылады.
ALT Университетіндегі бос орындар жәрмеңкесі білім беру мен индустрия арасындағы байланысты нығайтуда өз тиімділігін тағы да дәлелдеді. Университет алдағы уақытта да серіктестік байланыстарды кеңейтіп, студенттердің мансаптық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасауды жалғастырады.


