Select Page

ALT University-дің энергетика саласындағы бейінді ұйымдардың өкілдерімен ынтымақтастығы аясында «Болашақ энергетикасы: жаңартылатын энергия көздері және оларды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметіне енгізу» тақырыбында қонақ дәрісі өткізілді.

Дәріс спикері — «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Магистральдық желі» филиалы Алматы электрмен жабдықтау дистанциясы (ЭЧ-19) бастығының орынбасары Орымбаев Бахытжан Ихласович болды.

Қонақ дәрісіне ALT University Энергетика департаментінің «Электр энергетикасы» және «IT-Энергетика» білім беру бағдарламаларының 4-курс студенттері қатысты.

Кездесу барысында заманауи энергетиканы дамытудың өзекті үрдістері, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК), соның ішінде күн және жел энергетикасын пайдалану перспективалары, сондай-ақ оларды Қазақстанның теміржол инфрақұрылымына енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ нысандарында жаңартылатын энергия көздерін қолданудың практикалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, теміржол станциялары мен өндірістік нысандарды электрмен жабдықтау, күн электр станцияларын және электр энергиясын жинақтау жүйелерін пайдалану, тартқыш қосалқы станциялардың энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ электр энергиясын рекуперациялау технологияларын қолдану мәселелері талқыланды.

Спикер өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, студенттерге теміржол көлігінің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың перспективалық бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру, энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін заманауи технологиялық шешімдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Аталған қонақ дәрісін өткізу Тұрақты даму мақсатының 7-мақсатына (ТДМ 7) — «Қолжетімді және таза энергияға» қол жеткізуге ықпал етеді. Себебі қарастырылған мәселелер жаңартылатын энергетиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық таза энергия көздерін пайдалануды кеңейту бағыттарымен тікелей байланысты.

Сонымен қатар іс-шара Тұрақты даму мақсатының 12-мақсатына (ТДМ 12) — «Жауапты тұтыну және өндіріске» сәйкес келеді. Бұл мақсат табиғи және энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануға, электр энергиясының шығындарын азайтуға және өндірістік процестерге ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізуге бағытталған.

Қонақ дәрісі сала өкілдері мен болашақ энергетика мамандары арасында тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналып, студенттердің кәсіби білімдерін кеңейтуге және Қазақстанның энергетика саласын дамытудың заманауи талаптары мен перспективаларын тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.

Автор: Утепбергенова С. М.
Skip to content
Приемная комиссия