12.12.2025 жылы «Сәулет-құрылыс инженериясы» кафедрасына «ҚазҚСҒЗИ» ЖШС тұтасбетон бөлімінің меңгерушісі Құралов Ұлан Сабитович келіп, «Өнеркәсіптік және азаматтық ғимараттар мен құрылыстарды салу» білім бағдарламасында оқитын білім алушыларға «Қазіргі құрылыс жобалаудағы есептік-талдамалық әдістер» тақырыбында қонақ дәрісін өткізді.
Дәріс барысында лектор қазіргі заманғы құрылыс жобалау үдерісінде қолданылатын есептік-талдамалық әдістердің маңызын жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі, орнықтылығы және сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи инженерлік есептеулер, монолитті темірбетон конструкцияларын жобалау ерекшеліктері, сондай-ақ нормативтік құжаттар талаптарын ескере отырып есеп жүргізу тәсілдері қарастырылды.
Сонымен қатар, Ұлан Сабитович нақты өндірістік тәжірибеден алынған мысалдар арқылы есептік модельдеу, жүктемелерді анықтау, сандық әдістерді қолдану және арнайы бағдарламалық кешендердің (есептеу бағдарламаларының) жобалаудағы рөлі туралы баяндады. Дәріс білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, болашақ кәсіби қызметінде инженерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.
Дәріс соңында студенттер қонаққа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құрылыс саласындағы заманауи үрдістер мен кәсіби тәжірибе туралы пайдалы ақпарат алды. Қонақ дәріс білім алушылар үшін мазмұнды әрі танымдық сипатта өтіп, олардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырды.


