2026 жылы 26 қаңтарда М. Тынышпаев атындағы ALT University Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырзаның делегациясын қабылдады. Сапарға ҚХР Елшілігі мен Бас консулдығының өкілдері қатысып, ол екі ел арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Сапар аясында делегация ALT University Басқарма Төрағасы – Ректоры Жармагамбетова Меруерт Советовнамен және ALT University Құрылтайшысы Серикова Гульзана Бейбитовнамен кездесті.
Қонақтар үшін университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын, сондай-ақ қытайлық серіктестермен бірлесіп құрылған зертханалар мен кешендерді қамтитын кампус-тур ұйымдастырылды. Қонақтар инновациялық жабдықтармен және білім беру бағдарламаларымен танысты. Бұл бастамалар жаңа буынның жоғары білікті мамандарын даярлауға, инженерлік, логистикалық және технологиялық құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ автоматтандыру мен цифрландыру саласындағы заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған.
ALT Университет Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Соның айғағы — 2023 жылы Үрімші кәсіби университетінің (UVU) қолдауымен ашылған «Жібек жолы (Цзин Ши мектебі)» ғылыми шеберханасы. Аталған жоба инженерия, көлік, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар салаларында кадр даярлау, академиялық алмасу және ғылыми зерттеулер жүргізу туралы келісім аясында екі жылдық бірлескен жұмыстың нәтижесінде іске асырылды. Оқу-зертханалық кешен заманауи ақпараттық ресурстармен жабдықталған және «Қытай тілі + кәсіби дағдылар» бағдарламасын жүзеге асырады.
UVU және JingDong компаниясымен бірлесіп ALT Университет «Smart Логистика» логистикалық хабын — заманауи жабдықтар мен роботтандырылған жүйелермен жарақталған ғылыми-практикалық зертхананы ашты. Мұнда студенттер қойма логистикасын басқару, цифрлық сауда және көлік үдерістері бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгереді, тағылымдамадан өтіп, нақты қолданбалы жобаларға қатысады.
2025 жылы «Лу Бань шеберханасы» жобасына ерекше назар аударылды. Аталған жоба ALT Университетіне 2025 жылғы тамызда ШЫҰ-ның Тяньцзинь саммиті аясында берілді. Өнеркәсіптік робототехника бойынша үшінші Лу Бань шеберханасы жоғары технологиялық экономиканың салалары үшін мамандар даярлауға және инновациялық инженерлік шешімдерді енгізуге арналған маңызды білім беру және ғылыми-зерттеу платформасына айналды. Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижесінде жүзеге асырылды. Қазақстанда үшінші Лу Бань шеберханасын құру және іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім 2025 жылғы 31 қазанда ҚР Стратегиялық серіктестер форумында қол қойылды.
2025 жылғы желтоқсанда ALT Университет ҚХР-дың FOTIMA компаниясымен бірлесіп Intelligent Sensing Lab — сенсорлық технологиялар мен автоматтандыруға арналған заманауи зертхананы ашты. Зертхана инженерлердің жаңа буынын даярлауға және техникалық білім беруде ESG-тәсілдерді дамытуға бағытталған.
Соңғы жылдары М. Тынышпаев атындағы ALT Университет Қытайдың 20-дан астам жетекші университеттері мен кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Бұл серіктестіктің ауқымы мен стратегиялық маңызын, қолданбалы зерттеулер жүргізуге, Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге, білім трансферіне және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға жағдай жасайтынын көрсетеді.
Айта кету қажет, ALT Университеттің қытайлық университеттер мен технологиялық компаниялармен ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының жалпы мемлекеттік басымдықтарына толық сәйкес келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимыл тек экономикалық қана емес, сонымен қатар мемлекетаралық деңгейдегі стратегиялық сипатқа ие.
2025 жылғы қыркүйекте Бейжіңде өткен ресми кездесу барысында Мемлекет басшысы Қытайды Қазақстанның сенімді көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі деп атап өтті. Бұл сөздер екіжақты байланыстардың тереңдігі мен тұрақтылығын айқындап, білім, ғылым және технология салаларында белсенді дамып келе жатқан ынтымақтастықты көрсетеді.
Қазіргі кезеңде қазақ-қытай өзара іс-қимылы академиялық алмасулардың кеңеюімен, бірлескен ғылыми жобалардың артуымен және екі ел университеттерінің біртұтас білім беру кеңістігіне интеграциялануымен сипатталады. Осы тұрғыда ALT Университеттің ҚХР-дың жетекші университеттері мен компанияларымен серіктестігі ерекше маңызға ие және Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басымдықтарына толық жауап береді.


