2025 жылдың 10 қазанында ALT Университетінің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кафедрасында « Банк жүйесіндегі IT саласы» тақырыбында қонақтық лекция өтті.
Іс-шараның спикері – Ақылаев Жасұлан Ақжолович, «Халық Банкі» өкілі, ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибелі маман.
Лекция барысында банк секторындағы цифрландыру үрдістері, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Big Data мен бұлтты технологияларды қолдану, онлайн және мобильді банкинг жүйелерінің даму бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, студенттер банк жүйелерінде жасанды интеллект пен машиналық оқыту алгоритмдерінің қолданылуы, транзакциялық деректерді өңдеу және клиенттік сервисті автоматтандырудың маңыздылығы туралы ақпарат алды.
Лектор қаржы саласындағы IT-мамандардың рөліне тоқталып, қазіргі заманғы банктік жүйелердегі киберқауіпсіздік, деректердің тұтастығын сақтау, және цифрлық төлем инфрақұрылымының дамуындағы жаңа тенденциялар жайлы тәжірибесімен бөлісті.
Бұл іс-шара студенттерге қаржы мен технологияның түйісу нүктесінде туындайтын заманауи шешімдер мен инновациялық тәсілдер туралы терең түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.


