2026 жылғы 3 наурызда ALT University базасында «ДИАЛОГ» аудармашылар одағының өкілдерімен кездесу өтіп, білім беру, мәдени және кәсіби бағыттар бойынша әріптестікті дамытуға арналған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Стратегиялық әріптестік креативті технологиялар, цифрлық шешімдер және кәсіби құзыреттерді дамыту салаларында бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жағдай жасауды көздейді.
Ықтимал жобалар қатарында digital storytelling, иллюстрация және анимация, 3D-модельдеу және визуалды эффектілер (VFX), VR/AR және интерактивті медиа, сондай-ақ креативті индустрияларда AI-технологияларын қолдану бағыттары бойынша Креативті технологиялар академиясын құру бар. Сонымен қатар жасанды интеллект, AI-Generated Content және цифрлық дизайн саласындағы шешімдерді дамытуға бағытталған Alibaba Digital & AI Innovation Center ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек, білім беру үдерісіне AI-құралдарын енгізуге арналған Тілдер мен оқу пәндерін оқыту орталығын құру қарастырылған.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық бірлескен білім беру бағдарламаларын, курстар мен практикалық модульдерді әзірлеуді және іске асыруды, семинарлар, шеберлік сабақтарын, сараптамалық дәрістерді, онлайн-курстар мен қашықтықтан оқыту форматтарын ұйымдастыруды қамтиды. Сондай-ақ цифрлық білім беру платформаларын дамыту, оқу-әдістемелік материалдарды дайындау, тағылымдамалар, практикалар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын өткізу қарастырылған.
Ғылыми-зерттеу және инновациялық бағытта тараптар ұлттық және халықаралық деңгейде бірлескен жобаларды жүзеге асырып, инновациялық хабтар құруды және сараптамалық-талдамалық қызмет жүргізуді жоспарлап отыр.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — мәдениетаралық коммуникация мен креативті құзыреттерді дамыту. Бұл бағыт ұлттық мәдениеттер мен тілдерді цифрлық технологиялар арқылы ілгерілетуді, мәдени және білім беру алмасуларын ұйымдастыруды, бірлескен фестивальдер мен ағартушылық іс-шараларды өткізуді қамтиды.


