29 сәуір күні университетіміздің 95 жылдық мерейтойына арналған жастық жігер мен шығармашылық шабыт тоғысқан, ерекше сән-салтанатқа толы “Студенттік көктем – 2026” байқауы өтті. Бұл кеш — тек өнер сайысы ғана емес, әр студенттің жүрегіндегі арман мен талпыныстың, сахнадағы шынайы сезім мен шексіз мүмкіндіктің көрінісіне айналды.
Байқауға университеттің белсенді әрі талантты студенттері қатысып, өзара мықты бәсекеде бақ сынады. Атап айтқанда, ALT колледжі, ALT педагогикалық колледжі, Логистика және бизнес институты, Көлік және құрылыс институты, сондай-ақ Энергетика және сандық технологиялар институты сахна төрінде өз өнерлерін паш етті. Әрбір қатысушы ерекше дайындықпен келіп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.
Кештің сәнін келтірген — кәсіби әрі әділ қазылар алқасы. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Шадаева Бақыт Қалсапарқызы, композитор Мақсат Жаутиков, хореограф әрі “MISS Almaty” байқауының ұйымдастырушысы Әлімбекова Назерке Ержанқызы, мобилограф, продюсер Байбағыс Бегнар Бақтыбайұлы және “Jas Gala” фестивалінің координаторы Жақсыбай Жұлдыз Әбілсейітқызы болды. Олар әр қатысушының өнеріне әділ баға беріп, шынайы таланттарды анықтады.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы номинация — «Уақыт керуені: 1931–2026» тақырыбындағы мобилография қатысушылардың креативті ойлау қабілетін айқын көрсетті. Келесі кезең — еркін тақырыптағы театрландырылған қойылымдар көрерменді түрлі эмоцияға бөлеп, сахнада тұтас бір әлемді тірілткендей әсер қалдырды. Үшінші номинация — вокал, бұл кезеңде әсем әуен мен таза дауыс үйлесім тауып, көрермен жүрегіне жол тартты. Ал қорытынды кезең — хореография, қозғалыс пен ырғақ арқылы жаңа дәуірдің тынысын жеткізген әсерлі би қойылымдарымен ерекшеленді.
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер анықталды:
1-орын — Көлік және құрылыс институты
2-орын — Энергетика және сандық технологиялар институты
3-орын — Логистика және бизнес институты
Бұл жеңістер — тек нәтиже ғана емес, әр қатысушының табандылығы мен еңбегінің айғағы. “Студенттік көктем — 2026” — жаңа есімдерді танытып, шығармашылыққа жол ашқан, студенттік өмірдің ең жарқын сәттерінің біріне айналды.
Осындай ерекше кештер жастарға шабыт беріп, алға ұмтылуға, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді. Өнер мен білім тоғысқан бұл алаң алдағы уақытта да талай таланттың шамын жаға беретіні сөзсіз.


