2026 жылғы 28 сәуірде «Компьютерлік графика және дизайн» пәні бойынша ИС-23-1к және ИС-23-2р топтарының студенттері кейс-жобаларын қорғады. Жобаларды қорғау АКТ кафедрасының оқытушысы Қайржанова А.А. жетекшілігімен өтті.
Аталған кейс-жобалардың негізгі мақсаты – заманауи талаптарға сай мобильді қосымша интерфейсін әзірлеу болды. Жұмыс барысында студенттер UI/UX дизайнер және графикалық дизайнер бағыттары бойынша тапсырмаларды орындап, түрлі функционалдық мақсаттағы мобильді қосымша интерфейстерін жасады. Жобалар білім беру, қызмет көрсету, онлайн сервистер және күнделікті өмірге арналған цифрлық шешімдер сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды. Қорғау барысында студенттер Figma бағдарламасында әзірлеген интерфейстерін таныстырып, жобаның құрылымы, қолданушы тәжірибесі (UX) және визуалды дизайн ерекшеліктері бойынша жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар олар түстік үйлесім, қаріптерді дұрыс таңдау, композициялық шешімдер және интуитивті навигация құру сияқты негізгі дизайн қағидаларын меңгергендерін көрсетті.
Әрбір жоба мазмұны мен көркемдік шешімі жағынан ерекшеленіп, студенттердің шығармашылық ойлау қабілеті мен кәсіби дағдыларының қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті. Студенттер тек интерфейс әзірлеумен шектелмей, өз жобалық шешімдерін негіздеп, дизайн идеяларын талдай білді.
Жобаларды аяқтағаннан кейін студенттер Behance платформасында жеке портфолио парақшаларын құрып, өз жұмыстарын жариялады. Бұл олардың кәсіби портфолиосын қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады және болашақта еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, кейс-жобаларды қорғау студенттердің жоғары дайындық деңгейін, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра алу қабілетін және шығармашылық әлеуетін толық көрсетті. Мұндай жұмыстар олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына және кәсіби дамуына маңызды үлес қосады.


