Select Page

2026 жылғы 20 ақпанда «Электроэнергетика» білім беру бағдарламасының студенттеріне «Темір жолдардың тартымдық электрмен жабдықталуы: айнымалы және тұрақты ток жүйелерін салыстыру және олардың шекаралық аймақтардағы өзара әрекеттесуі» тақырыбында қонақ дәріс өткізілді.

Дәрісті Жана-Есиль электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы, Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ – «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалының өкілі Думан Мұсахметов жүргізді.

Дәріс барысында темір жол көлігіндегі тартымдық электрмен жабдықтау жүйелерінің құрылымы, жұмыс істеу принциптері және пайдалану ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, 3 кВ тұрақты ток және 25 кВ айнымалы ток жүйелерінің техникалық сипаттамалары, энергетикалық тиімділігі, сенімділігі және қызмет көрсету шығындары салыстырмалы түрде талданды. Сонымен қатар, әр жүйенің қолданылу аймақтары мен инфрақұрылымдық талаптары сараланып, олардың артықшылықтары мен шектеулері нақты өндірістік мысалдар негізінде түсіндірілді.

Ерекше назар айнымалы және тұрақты ток жүйелері түйісетін шекаралық аймақтардағы (стыковка учаскелері) техникалық шешімдерге аударылды. Бұл аймақтардағы фазалық ажырату, бейтарап кірістіру, секциялау, қорғаныс және релелік автоматика мәселелері, сондай-ақ жылжымалы құрамның бір жүйеден екінші жүйеге өту алгоритмдері кеңінен талқыланды. Лектор өз тәжірибесінен нақты жағдайларды мысалға келтіріп, апаттық режимдердегі әрекет ету тәртібі мен сенімділікті қамтамасыз ету шараларын түсіндірді.

Студенттер темір жол саласындағы заманауи цифрлық бақылау жүйелері, жүктемені басқару, энергия шығынын азайту және электр қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары бойынша құнды ақпарат алды. Сонымен қатар, дәріс ЦУР 7 – Қолжетімді және таза энергия (Недорогостоящая и чистая энергия) мақсаттарына сәйкес, энергетикалық тиімді жүйелерді енгізудің маңыздылығын, тұрақты және сенімді энергия көздерін қолдануды, сондай-ақ аймақтардағы электрмен жабдықтаудың экологиялық тұрғыдан қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын көрсетуге мүмкіндік берді.

Дәріс интерактивті форматта өтіп, білім алушылар өздерін қызықтырған кәсіби сұрақтарын қойып, тәжірибелік кеңестер алды. Аталған іс-шара болашақ энергетик мамандардың теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға, саланың нақты талаптарын терең түсінуге және кәсіби бағдарын айқындауға зор мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер студенттердің практикалық ойлау қабілетін дамытып, еңбек нарығына дайындық деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Skip to content
Приемная комиссия