«Энергетика және сандық технологиялар» институтының «Автоматтандыру және басқару» кафедрасының 3-курс студенттері арасында «Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе?» тақырыбында мазмұнды дебат ұйымдастырылды. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсынған Тұрақты даму мақсаттарының 7-бағыты — Қолжетімді және таза энергия аясында өткізілді.
Дебат барысында студенттер екі топқа бөлініп, атом электр станциясын салудың тиімді және тиімсіз жақтарын жан-жақты талқылады. Олар экологиялық қауіпсіздік, экономикалық тиімділік, энергия тапшылығы, заманауи технологиялар мен халықтың пікірін ескеру сияқты маңызды аспектілерді қарастырды. Әр топ өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен негіздеп, қарсы тараптың аргументтеріне жауап беруге тырысты.
Осындай пікірталас алаңдары студенттерге тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларды да дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар сыни ойлау, ақпаратты талдау, дәлелді пікір қалыптастыру, командада жұмыс істеу және көпшілік алдында еркін сөйлеу қабілеттерін жетілдіреді. Сонымен қатар, студенттер қазіргі заманғы энергетика саласындағы өзекті мәселелерді тереңірек түсініп, жаһандық үрдістермен танысады.
Бұл дебат студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етіп, оларды болашақта білікті, жауапты маман ретінде қалыптастыруға маңызды үлес қосты.


