Тұрақты инфрақұрылымды дамытуға, инновацияларды енгізуге және индустрияландыруды нығайтуға бағытталған №9 Тұрақты даму мақсатын іске асыру аясында 2026 жылғы 16 наурызда «Радиотехника және телекоммуникациялар» кафедрасы студенттердің «Оптические Технологии» ЖШС өкілдерімен кездесуін ұйымдастырды.
«Оптические Технологии» ЖШС — телекоммуникация, энергетика және өндірістік автоматтандыру саласындағы заманауи технологиялық шешімдерді жеткізуші әрі интегратор. Компания Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі түрлі сала кәсіпорындары үшін жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Ол Anritsu Corporation, Sumitomo Electric, Yokogawa Electric Corporation, Rohde & Schwarz сияқты әлемдік жетекші өндірушілердің ресми дистрибьюторы болып табылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты — университет пен өндірістік кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайту, практикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ студенттердің өндірістік практикадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту.
Кездесу барысында компания мамандары оптикалық технологиялар саласындағы заманауи шешімдерді таныстырып, талшықты-оптикалық байланыс жүйелерінің қолданылуы мен телекоммуникация саласының даму тенденциялары туралы айтып берді.
Іс-шараға қатысып, кәсіби үлес қосқаны және университетпен ынтымақтастықты дамытуға дайындығы үшін «Оптические Технологии» ЖШС коммерциялық директоры — Әділ Асқарұлы Малаевқа алғыс білдіреміз.


