18 наурыз ALT University-де «Digital Nauryz – 2026» жобасы және «Наурызнама» онкүндігі аясында Сату Департаменті мен ALTeam командасының ұйымдастыруымен Ұлттық киім күніне арналған «Ұлттық киім – ұлт айнасы» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Шараның басты мақсаты — ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, Қазақстанның мәдени мұрасына деген құрметті нығайту, сондай-ақ студенттер бойында бірлік, бірегейлік және ұлттық сәйкестік құндылықтарын қалыптастыру болды.
Университет білім алушылары мен қызметкерлері бағдарламаға белсене қатысып, қазақ мәдениетінің сан қырлылығын ашатын түрлі ұлттық образдарды көрсетті. Іс-шара аясында ұлттық киімдер шеруі (дефиле), халықтың салт-дәстүрлері туралы білімді тереңдетуге бағытталған интерактивті ойындар мен шығармашылық тапсырмалар ұйымдастырылды.
Мерекелік атмосфераны домбыраның жанды дауысы одан әрі асқақтатып, қатысушыларға ұлттық рухты терең сезінуге мүмкіндік берді.
Мұндай бастамаларды жүзеге асыру БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге ықпал етеді, атап айтқанда:
- 4-ТДМ «Сапалы білім» — мәдени сауаттылықты арттыру және ұлттық мұраға құрметпен қарау.
- 11-ТДМ «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» — мәдени құндылықтарды сақтау және дамыту.
- 17-ТДМ «Тұрақты даму жолындағы серіктестік» — студенттер мен Университет қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шара достық пен шабытқа толы өтіп, қатысушыларға жағымды әсер сыйлады және жас ұрпақ арасында ұлттық мәдениетті танымал етудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.


