Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында қазақ халқының даңқты перзенті, теңдессіз балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығына орай, Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты – «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» аясында студенттермен тағылымды әрі әсерлі кездесу өтті.
Іс-шараға қазақстандық ММА жауынгерлері, Octagon және Nomad лигаларының кәсіби спортшылары — Дамир Рахимжанов пен Еркебулан Жайсанов арнайы қонақ ретінде қатысты.
Кездесу барысында спортшылар өздерінің спорттағы жолы, жеңіс пен жеңілістің мәні, тәртіп пен табандылықтың маңызы, сондай-ақ жастар үшін спорттың адам өміріндегі рөлі туралы ойларымен бөлісті. Олар салауатты өмір салтын ұстану, рухани және физикалық дамудың үйлесімі, мақсатқа адалдық секілді құндылықтарға ерекше тоқталды.
Студенттер қонақтарға көкейіндегі сұрақтарын қойып, кәсіби спорттың қыр-сырымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Шынайы әңгіме мен мотивацияға толы бұл кездесу жастарға үлкен рухани серпіліс беріп, спортқа деген қызығушылықты арттырды.
Қажымұқан Мұңайтпасовтай ұлы тұлғаның ерлігі мен қайсар рухын үлгі еткен бұл тағылымды басқосу — жас ұрпақты жігерлендіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.


