Ағымдағы жылдың 10 ақпанында университет қабырғасында «Заң мен тәртіп» науқаны аясында студенттермен маңызды әрі тағылымды кездесу өтті. Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының 16-бағыты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» аясында ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті арттыру болды.
Іс-шараға Алматы қаласы Алмалы ауданы Полиция басқармасынан арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты:
- Абилкожаев Олжас Нұрланұлы – Алмалы ауданы ПБ ҚҚБ ЮПБ бастығы, полиция майоры
- Бейсенова Зарина Нұрбайқызы – Алмалы ауданы ПБ ҚҚБ ЮПБ аға учаскелік инспекторы, полиция майоры
- Тургунбай Абай Алтайұлы – Алмалы ауданы ПБ ҚҚБ ЮПБ аға учаскелік инспекторы, полиция майоры
- Бейбіт Маржан Құрманғазықызы – Алмалы ауданы ПБ ҚҚБ ЮПБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны
- Оразаев Болат Мұратұлы – Алмалы ауданы ПБ ӘПБ бастығы, полиция подполковнигі
Кездесу барысында қонақтар студенттерге құқықтық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қылмыстың салдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Заңның үстемдігі мен әділ қоғам құрудағы мемлекеттік институттардың рөліне ерекше назар аударылды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, студенттер белсенділік танытып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, ЦУР 16 аясында бейбіт, әділ және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Заңды білу – міндет, ал оны сақтау – әр азаматтың борышы.


