Ағымдағы жылдың 11 ақпан күні университет қабырғасында Алмалы ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері мен эдвайзерлердің қатысуымен «Заң мен тәртіп» акциясы аясында тағылымды кездесу өтті.
Шараның басты мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелет жасындағы және кәмелетке толмаған жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Эдвайзерлер студенттермен ашық пікір алмасып, заң талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.
Диалог форматында өткен басқосуда білім алушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты құқықтық кеңестер алды. Әсіресе, «еркіндік пен жауапкершілік» ұғымдарының арақатынасы кеңінен талқыланып, заң үстемдігі – қоғам тұрақтылығының кепілі екені айқындалды.
Аталған кездесу Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағытымен үндеседі. Заң үстемдігін нығайту, әділ қоғам қалыптастыру және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру – тұрақты дамудың маңызды алғышарты.
Жастар – ел болашағы. Ал заңды құрметтейтін, тәртіпті ту еткен саналы ұрпақ – мемлекетіміздің ең басты тірегі.


