Ағымдағы жылдың 20 ақпан күні университет қабырғасында «Жаңа кезең бастауы: ALT Graduation Day» атты түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл айтулы күн – білім мен еңбектің, табандылық пен талаптың жемісі болған, әр түлек үшін тағдырлы сәтке айналған ерекше мереке болды.
Салтанатты шараның шымылдығы Басқарма Төрағасы – Ректор Жармагамбетова М.С. құттықтау сөзімен ашылды. Жиын барысында түлектерге жүрекжарды тілектер айтылып, олардың студенттік жылдардағы жетістіктері мен белсенділіктері ерекше аталып өтті. Әр диплом – тек білімнің куәсі ғана емес, үлкен өмірге жолдама, жаңа белестерге бастайтын сенім символы екені айрықша атап көрсетілді.
«Жаңа кезең бастауы» атауының өзі бұл кештің мән-мағынасын айқындап тұрды. Бүгінгі түлектер – ертеңгі ел тірегі, кәсіби Қазақстанның дамуына үлес қосатын білікті мамандар. Университет қабырғасында алған білім мен тәрбие, қалыптасқан достық пен тәжірибе олардың өмірлік жолында әрдайым шамшырақ болары сөзсіз.
Кеш барысында дипломдар салтанатты түрде табысталып, үздік түлектерге арнайы алғыс хаттар мен марапаттар берілді.
ALT Университеті үшін әр түлек – үлкен мақтаныш. Бүгінгі бітірушілер университет тарихының жаңа парағын ашып, оның абыройын асқақтата түсеріне сенім мол.


