Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы елдің тұрақты дамуының негізі ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және инновация тұрған жаңа модельге көшу бағыты бекітілген. Мемлекет адам капиталы мен азаматтардың зияткерлік әлеуетін басты стратегиялық басымдық ретінде айқындайды.
Құжатта Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен ілгерілеуі азаматтардың қосқан үлесімен – біліммен, ғылыми жетістіктермен және қоғамның шығармашылық қуатымен айқындалатыны атап өтілген. Алғаш рет Негізгі заң деңгейінде ұлттық дамудың басым бағыттары ретінде білім беру сапасы, ғылымның күш-қуаты және мәдени орта белгіленіп отыр.
Конституция ғылыми, зерттеушілік және көркем шығармашылық еркіндіктің құқықтық негізін қалыптастырып, зияткерлік меншікті қорғауды күшейтеді және инновациялар мен креативті индустриялардың дамуына жағдай жасайды.
Білім беру жүйесі дамудың негізгі институты ретінде қарастырылады. Бастауыш және орта білімнің міндетті әрі қолжетімді екені, жоғары білімді конкурстық негізде алу құқығы, сондай-ақ академиялық еркіндік пен білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін білім беру ортасының зайырлы сипаты бекітіледі.
Конституцияның жаңа редакциясында мәдениет тек мұра ретінде ғана емес, қоғамды жаңғыртудың белсенді ресурсы ретінде түсіндіріледі. Азаматтар тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға жауапты, ал мемлекет оларды қорғау және көбейту үшін жағдай жасауға міндетті.


