8–12 желтоқсан күндері Астана қаласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Марат Шакеновтың қатысуымен XIV Республикалық жастар форумы жоғары деңгейде өтті.
Аталған форумға ALT Университетінің белсенді жастары — Студенттік Үкімет Президенті Ембергенова Сабина Аскаровна, сондай-ақ Студенттік Үкімет мүшелері Қамбарбек Балауса, Сағынай Аят, Бауржанұлы Ерсұлтан, Пилтан Рейхане, Жұмурова Жұлдызай қатысып, университет атынан лайықты өкілдік көрсетті.
Биылғы форум өзінің ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтерілді. Іс-шараға Армения, Қырғызстан, Моңғолия және Ресей мемлекеттерінен келген теміржол саласының жас мамандары мен белсенді жастары қатысып, тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Форумның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских пен Әлеуметтік өзара ықпалдастық орталығының бас директоры Елдос Өмірзаков құрметті қонақ ретінде қатысып, жастарға бағыт-бағдар берер мазмұнды ойларымен бөлісті.
Форум барысында көшбасшылық, командалық жұмыс, кәсіби даму, әлеуметтік жауапкершілік сынды өзекті тақырыптарда тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қатысушылар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, өзара пікір алмасып, болашаққа серпін беретін тың идеялармен қанаттанды.
Бұл форум — жас буынның әлеуетін арттырып, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашатын маңызды алаң болды.


