2026–2027 оқу жылынан бастап ALT Университетінде магистранттар мен докторанттардың оқу үдерісіне Adaptive Learning Environment (ALE) — adle.kz білім беру платформасын енгізу жөніндегі пилоттық жоба іске асырылуда.
Жоба аясында «ААЖ Platonus + Adaptive Learning Environment (ALE)» интеграцияланған моделі қолданылады. Platonus ААЖ білім алушыларды пәндерге тіркеу, жеке оқу жоспарлары мен сабақ кестесін қалыптастыру, оқу нәтижелері мен GPA көрсеткіштерін есепке алу, транскрипттерді, бұйрықтарды және академиялық есептілікті дайындау сияқты академиялық үдерістерді басқару үшін пайдаланылады.
adle.kz платформасы Platonus ААЖ мүмкіндіктерін толықтырады және білім беру контенті мен оқу-әдістемелік материалдарды орналастыруға, сабақтарды ұйымдастыруға, тапсырмалар мен тестілерді орындауға, оқу нәтижелерін бақылауға, сондай-ақ оқытушылардың магистранттармен және докторанттармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған.
Пилоттық жобаны іске асыру қолжетімді әрі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді, заманауи білім беру технологияларын енгізуді және үздіксіз білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін «Сапалы білім» атты Тұрақты даму мақсатының 4-мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді.
Пилоттық жобаны әдістемелік сүйемелдеу мақсатында 2026 жылғы 19–30 қазан аралығында магистратура және докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыруға қатысатын Университеттің профессор-оқытушылар құрамымен консультациялық кездесулер өткізілді.
Кездесулер барысында оқытушылар adle.kz платформасының функционалдық мүмкіндіктерімен танысты. Электрондық курстардың құрылымы мен мазмұнына, білім беру контенті мен оқу-әдістемелік материалдарды дайындау және орналастыру талаптарына, сондай-ақ платформада оқытушылар мен білім алушылардың жұмысын ұйымдастыру тәртібіне ерекше назар аударылды.
Өткізілген консультациялар электрондық курстарды дайындау және adle.kz платформасын ALT Университетінің білім беру үдерісіне енгізу кезеңдерінің бірі болды.
Автор: Туремуратова А. К.


