Университеттің оқу-тәрбие жұмыстары және жастарды рухани-мәдени тұрғыдан дамыту бағдарламасы аясында МКМ-25-1к, МКМ-25-2р және КЦС-25-1к топтарының студенттері Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйіне мәдени-танымдық экскурсия жасады. Іс-шараның негізгі мақсаты — білім алушылардың мәдени дүниетанымын кеңейту, ұлттық әдеби мұраға деген сүйіспеншілігін арттыру және қазақ әдебиетінің классигі, әлемге танымал жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолын таныту болды.
Экскурсия барысында студенттер музейдің бірегей экспозицияларымен танысып, ұлы суреткердің өмір өткелдері, ғылыми-педагогикалық қызметі мен монументалды туындыларының шығу тарихы туралы құнды мәліметтер алды. Жастар Мұхтар Әуезовтің жеке қолданған заттарын, сирек кездесетін қолжазбалары мен тарихи мұраларын өз көздерімен көріп, оның ұлттық әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін тереңірек түсінді.
Аталған мәдени шара студенттердің рухани-танымдық тұрғыдан кемелденуіне оң әсерін тигізіп, ұлттық мәдениет пен әдеби мұраға деген қызығушылығын арттырды. Ұлт руханияты мен мәдени құндылықтарды қастерлеу — заманауи бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырудың маңызды факторларының бірі екені тағы бір мәрте айқындалды.


