Select Page

10 маусымда Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова бастаған ALT University делегациясы Қазақстанның машина жасау саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі — Алматы ауыр машина жасау зауытына (ААМЗ) барды.

Сапар барысында университет өкілдері кәсіпорынның өндірістік қуатымен, технологиялық процестерімен және өндірісте қолданылатын заманауи шешімдермен танысты. Болашақ инженерлер үшін дәл осындай алаңдар теория мен практика тоғысып, білім нақты өндірістік міндеттермен ұштасатын таптырмас ортаға айналмақ.

Бұл сапар бұған дейін басталған өзара тиімді серіктестіктің заңды жалғасы болды. Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 3 наурызда «ААМЗ» АҚ басшылығы ALT University-ге іскерлік сапармен келген болатын. Сол кездесу аясында қонақтарға студенттер заманауи кәсіби білім мен практикалық дағдыларды меңгеретін оқу аудиториялары, мамандандырылған зертханалар мен университеттің білім беру инфрақұрылымы таныстырылды.

Наурыздағы кездесу қорытындысы бойынша ALT University мен «ААМЗ» АҚ арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тараптардың кадрлар даярлау, білім мен өндірістің өзара іс-қимылын дамыту саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға деген ниеті бекітілген еді.

Бұл жолғы кездесуде тараптар қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырудың алдағы қадамдарын талқылады. Студенттердің өндірістік практикасы мен тағылымдамаларын ұйымдастыру, кәсіпорын мамандарын білім беру процесіне тарту, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-өндірістік бастамаларды дамыту мәселелері басты назарда болды.

Елдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарымен серіктес болу — ALT University-дің оқытудағы практикаға бағытталған тәсілінің маңызды бөлігі. Студенттердің оқу кезеңінде заманауи өндіріспен танысып, салада сұранысқа ие технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауы үшін университет жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды жүйелі түрде кеңейтіп келеді.

ААМЗ-ға жасалған бұл сапар университет пен өндіріс арасындағы серіктестікті нығайтудың кезекті қадамы болды. Бұл ынтымақтастық Қазақстан экономикасы үшін жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға бағытталған.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия