Select Page

М. Тынышбаев атындағы ALT Университеті жаңа тағайындалған Ұлттық сапа орталығының (ҰСЖСО) басшысы Имашев Тимур Серикұлымен кездесу өткізді. Кездесу барысында білім беру, ғылым және жол саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.

Кездесу аясында қонақтарға университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы, инженерлік кадрларды даярлау мүмкіндіктері, сондай-ақ қолданбалы зерттеулерді дамыту бағыттары таныстырылды.

Кездесудің басты нәтижелерінің бірі – университет базасында бірлескен оқу-ғылыми зерттеу зертханасын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізу болды. Аталған зертхана жол құрылысы мен пайдалану технологиялары, материалтану, көлік инфрақұрылымы салаларындағы зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ студенттер мен жас мамандарды практикалық даярлауға арналған заманауи алаңға айналады.

Жаңа зертхана университеттің ғылыми әлеуеті мен ҰСЖСО-ның салалық тәжірибесін біріктіріп, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және жол саласына заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмыстары аясында жол-құрылыс материалдарының қасиеттерін зерттеу, олардың пайдалану сипаттамаларын талдау және инновациялық шешімдерді әзірлеу бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді.

«ALT Университеті үшін салалық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту – стратегиялық басым бағыттардың бірі. Бірлескен зертхана студенттеріміз бен жас ғалымдарға нақты өндірістік міндеттермен жұмыс істеуге, тәжірибе жинақтауға және салаға қажетті ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті университет өкілдері.

ҰСЖСО-мен ынтымақтастық көлік инфрақұрылымы, жол материалдарының сапасы және инженерлік технологиялар саласында заманауи құзыреттерге ие мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Тараптар зертхананың тұжырымдамасын әзірлеу, зерттеу бағыттарын айқындау және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларды одан әрі дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.

ALT Университеті білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайта отырып, көлік саласының жетекші ұйымдарымен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.

Автор: Абдикаликова Л. Б.

Skip to content
Приемная комиссия