2026 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда екі елдің мемлекеттік құрылымдарының, іскерлік қоғамдастығының, жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдерін біріктірген «Қазақстан–Қытай» инвестициялық форумы өтті. Форум жұмысына ALT Басқарма Төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова мен корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Андрей Иванов қатысты.
Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа экономикалық дәліздерді дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияға, жоғары технологиялық өндіріске, цифрлық экономикаға және қаржылық инфрақұрылымға арналған панельдік сессиялар өтті.
Университет үшін басты оқиға ALT Университеті мен Қытай Халық Республикасы Білім министрлігі жанындағы Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Археологиялық зерттеулер және мәдени мұраны сақтау технологияларының басты зертханасы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі — Қазақстан мен Қытайдың мәдени мұрасын сақтау бойынша бірлескен Цифрлық зертхана құру. Жаңа алаң екі елдің мәдени мұра нысандарын зерттеуде, құжаттандыруда және сақтауда заманауи цифрлық технологияларды қолдануға ықпал етеді.
Келісімде жыл сайын бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, оқытушылар мен зерттеушілермен алмасу, мамандардың серіктес университеттердің ғылыми және білім беру қызметіне қатысуы, сондай-ақ білім алушылар үшін зерттеу тағылымдамалары мен алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру көзделген.
ALT Университетінің форум жұмысына қатысуы және жаңа келісімге қол қоюы бірлескен зерттеулерге, академикалық алмасуға және жас мамандарды даярлауға мүмкіндіктерді кеңейте отырып, қазақстандық-қытайлық ғылыми-білім беру серіктестігін дамытудағы кезекті қадам болды.
Автор: Алия Ерлан


