Select Page

2026 жылғы 14 сәуірде «М. Тынышпаев атындағы ALT Университеті» АҚ Көлік және құрылыс институтында студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы (ҒЗЖ) жөніндегі комиссия отырысы өтті. Отырыс барысында «Сәулет-құрылыс инженериясы» (СҚИ) кафедрасы студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына талдау жүргізіліп, бағалау жасалды. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ 12 — «Жауапты тұтыну және өндіріс») іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Отырыста білім беру бағдарламалары бойынша студенттер дайындаған 14 ғылыми жоба қаралды:

  • 6В07130 — «Автомобиль жолдары мен аэродромдар»;
  • 6В07322 — «Мұнай-газ құрылыстарын салу»;
  • 6В07324 — «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы»;
  • 6В07329 — «Өнеркәсіптік және азаматтық ғимараттар мен құрылыстар салу»;
  • 6B07330 — «Ғимараттар және құрылыстар сәулеті».

Комиссия төрайымы, техника ғылымдарының кандидаты, ALT қауымдастырылған профессоры Мурзалина Г.Б. ұсынылған жұмыстардың өзектілік деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы жобалар құрылыс және көлік саласының заманауи техникалық талаптарына толық сәйкес келеді. Сарапшылар ерекше назарды құрылыс саласындағы инновациялық технологиялар, конструкциялардың тұрақтылығы және заманауи инженерлік шешімдерді енгізу бағытындағы зерттеулерге аударды.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша барлық қатысушылар инновациялық тәсіл мен ғылыми жаңашылдық үшін I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Комиссия мүшелері ұсынылған жұмыстардың теориялық дайындығы мен практикалық маңыздылығын жоғары бағалап, олардың үздіктерін ғылыми басылымдарға жариялауға және республикалық конференцияларға қатысуға ұсыну туралы шешім қабылдады.

Мұндай студенттік бастамалар Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға маңызды үлес қосып, білікті инженер-зерттеушілерді даярлауға ықпал етеді.

Студенттер ғылыми зерттеулер жүргізу және оларды қорғау барысында құнды тәжірибе алып, кәсіби құзыреттерін жетілдірді. «СҚИ» кафедрасы барлық қатысушыларды жетістіктерімен құттықтап, ғылыми қызметте табыс тілейді.

Skip to content
Приемная комиссия