22 сәуірде М. Тынышпаев атындағы ALT университетінің «Сәулет-құрылыс инженериясы» кафедрасында ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) 4, 11, 13 аясында студенттік жобалық жұмыстардың ауқымды байқауы өз мәресіне жетті. Алты апта бойы «6B07330 – Ғимараттар мен үймереттер сәулеті» білім беру бағдарламасының 2–3 курс студенттері инновациялық, экологиялық және функционалды сәулеттік тұжырымдамаларды жасаудан өзара бақ сынасты.
Байқаудың басты мақсаты — «жасыл» сәулет қағидаттарын қолдана отырып және өңіріміздің климаттық ерекшеліктерін міндетті түрде ескере отырып, монофункционалды ғимараттардың (дәмхана, көрме павильондары және шағын сәулеттік формалар) тұжырымдамалық жобаларын жасау болды.
Байқауға көптеген ауқымды жеке және командалық жобалар ұсынылды. Жұмыстар 100 балдық жүйе бойынша бағаланды. Кафедра меңгерушісі, кафедраның қауымдастырылған профессорлары, сондай-ақ шақырылған практик-сәулетшілер кірген сарапшылар алқасы келесі бағыттарды бағалады:
• Сәулеттік мәнділік пен жаңашылдық;
• Кеңістіктің функционалдылығы;
• Инженерлік және жылу техникалық негіздеменің сапасы;
• Графикалық ұсынылу мен 3D-визуализация деңгейі.
Қазылар алқасының мүшелері: «Биылғы студенттік жұмыстардың деңгейі күткенімізден де асып түсті. Жастар тек шығармашылық ой-қиялын көрсетіп қоймай, сонымен қатар болашақтың энергия тиімді ғимараттарын жобалауға дайын екендіктерін дәлелдеп, кемел инженерлік көзқарас танытты», — деп атап өтті.
Эстетиканы, тұрақтылықты және дәл есептеулерді барынша шебер ұштастыра білген үздік жобалардың авторларын құттықтаймыз!


