2026 жылғы 12 маусымда серіктестік қарым-қатынасты дамыту және кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейту аясында ALT University басшылығы Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы транспорт және коммуникациялар колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Ербол Джаруллаевич Магазовпен кездесу өткізді.
Шараға университет тарапынан ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Советқызы Жармағамбетова, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Шамиль Асқарович Әбдірешов, сондай-ақ Корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Андрей Александрович Иванов қатысты.
Кездесу барысында тараптар алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын, көлік саласы үшін білікті кадрлар даярлау мәселелерін талқылап, колледж студенттері арасында кәсіптік бағдар беру қызметін дамыту бойынша бірлескен жоспарларды айқындады.
Алматы транспорт және коммуникациялар колледжі — еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беретін ең байырғы оқу орындарының бірі. Оның тарихы 1930 жылдан бастау алады. Алғашқыда бұл мекеме көлік және теміржол салаларына маман даярлау мақсатында құрылған болатын. Бүгінде колледж көпжылдық дәстүр мен заманауи білім беру тәсілдерін сәтті ұштастыра отырып, көлік, коммуникация және техникалық салалар үшін сұранысқа ие мамандарды даярлап келеді.
Қазіргі уақытта колледжде 1100-ге жуық студент білім алуда, ал жыл сайын 300-ге жуық жас маман оқуын тәмамдайды. Мұнда кадрлар даярлау нарықта үлкен сұранысқа ие бағыттар бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында логистика, электрмен жабдықтау және электрлік жүйелерді пайдалану, вагондар мен теміржол жылжымалы құрамына қызмет көрсету, локомотивтерді пайдалану, теміржол көлігіндегі автоматика мен телемеханика, сондай-ақ теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару бар.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі дамытуға, кадрлар даярлау сапасын арттыруға және студенттер үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін нақтылады.
Автор: Алия Ерлан


