29 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) қатысуымен ұйымдастырылған «Еуразиядағы тұрақты даму» атты жоғары деңгейдегі II Халықаралық конференция өтті. Ауқымды шараға Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы алаң болды.
Конференция әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың 100-ден астам өкілін біріктірді. Қатысушылар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, аймақтық ынтымақтастықты нығайту, интеграциялық процестерді жетілдіру және еуразиялық кеңістіктегі тұрақты дамудың жаңа тәсілдерін іздеудің өзекті мәселелерін талқылады.
Халықаралық жиынның жұмысына ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Советқызы Жармағамбетова және Корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Андрей Александрович Иванов қатысты.
Жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлығымен өтті. Күн тәртібінде жаһандық тұрақты дамудың негізгі бағыттары, 2030 жылдан кейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу перспективалары, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ Еуразия мемлекеттері алдында тұрған заманауи сын-қатерлер мен тәуекелдер қаралды.
Жаһандық мәселелерді шешудегі ғылымның, білімнің және халықаралық ынтымақтастықтың рөліне ерекше назар аударылды. Сарапшылар тұрақты дамуды білікті кадрлар даярлаусыз, ғылыми зерттеулерді өрістетусіз, инновацияларды енгізусіз және университеттер, мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтусыз елестету мүмкін еместігін атап өтті.
ALT University үшін мұндай деңгейдегі іс-шараларға қатысу — тұрақты даму, ғылым, білім беру және болашақтың мамандарын даярлау мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби диалогтың маңызды бөлігі болып табылады. Конференция жедел технологиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында тәжірибе алмасуға, үздік халықаралық практикаларды талқылауға және Еуразия елдерін дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға арналған тиімді алаңға айналды.


