2026 жылғы 18 тамызда ALT University базасында Алматы қаласы жоғары оқу орындарының проректорларымен кездесу өтті. Шара университеттің жаңа оқу жылына дайындығына және студенттер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құру мәселелеріне арналды.
Кездесуді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мен Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек жүргізді.
Талқылаудың басты назарында студенттік өмірдің сапасына тікелей әсер ететін мәселелер болды: оқу корпустары мен жатақханалардағы қауіпсіздік, студенттерге көрсетілетін қолдаудың қолжетімділігі, ғылыми қызметті дамыту және жастар бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері.
Кездесу барысында қатысушылар оқу корпустары мен жатақханалардың жаңа оқу жылына дайындығын, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін, жағдаяттық және дағдарыс орталықтарының жұмысын, сондай-ақ жастардың ғылыми жобаларға қатысу және ғылыми гранттарды алу мүмкіндіктерін талқылады.
Жастарды шешім қабылдау процесіне тарту қағидатына ерекше көңіл бөлінді. Студенттерге қатысты мәселелер тек олар үшін ғана емес, сонымен бірге олардың пікірін, бастамалары мен шынайы қажеттіліктерін ескере отырып, олардың тікелей қатысуымен талқылануы маңызды.
Кездесуге қатысушылар жастарға арналған мүмкіндіктер тек заманауи инфрақұрылым мен жаңа жобалармен шектелмейтінін атап өтті. Мұнда адамға өз бетінше ойлануға, сұрақ қоюға, ақпаратты талдауға және саналы шешімдер қабылдауға көмектесетін білім ең маңызды роль атқарады.
Кездесу аясында Алматы университеттеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының даналары табысталды. Кітап Президенттің қоғамдық және мемлекеттік даму мәселелері бойынша айтқан пікірлері мен көзқарастарының жинағы болып табылады. Басылымдарды университеттерге тапсыру студенттерге кітапта көрсетілген идеялармен танысуға, ел үшін өзекті мәселелерді талқылауға және өзіндік дәлелді ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.
Алматының және бүкіл Қазақстанның дамуы бүгінгі таңда жастарға білім алу, өзін-өзі жүзеге асыру және дамыту үшін қандай жағдай жасайтынымызбен тікелей байланысты. Сонымен катар қауіпсіздік, сапалы білім беру, ғылыми мүмкіндіктер мен студенттерді қоғамдық өмірге тарту мәселелері заманауи университет күн тәртібінің маңызды бөлігі болып қала береді.


