Select Page

2026 жылғы 15 қазанда Алматы қаласындағы The Ritz-Carlton қонақүйінде қойма жылжымайтын мүлкін, логистиканы, бөлшек сауданы, инновациялық технологиялар мен инвестицияларды дамыту мәселелеріне арналған Орталық Азиядағы жетекші салалық алаңдардың бірі — Central Asia Warehouse Summit (CAWS 2026) халықаралық саммиті өтті.

IBC Global халықаралық консалтингтік компаниясы ұйымдастырған іс-шараға 13 елден 350-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында логистикалық операторлар, девелоперлік компаниялар, сауда желілері, инвестициялық ұйымдар, бизнес және кәсіби қоғамдастық өкілдері болды.

Халықаралық саммит жұмысына Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University өкілдері қатысты:

  • Кенжебаева Гаухар Жумашевна — Логистика және бизнес департаментінің басшысы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор;

  • Бадамбаева Салтанат Ергазиевна — «ЛиБ» институты директорының орынбасары, сениор-лектор;

  • Сугурова Айнур Жанатбековна — экономика ғылымдарының кандидаты, ALT University қауымдастырылған профессоры.

Университет өкілдері үшін маңызды оқиғалардың бірі Гаухар Кенжебаеваның «Қойма анатомиясы: экономика, технологиялар, кадрлар» атты панельдік пікірталасқа спикер ретінде қатысуы болды.

Пікірталас білім беру саласының, логистикалық компаниялардың, фулфилмент-операторлардың, қойма инфрақұрылымын басқару саласының және кадрларды іріктеу платформаларының өкілдерін біріктірді. Негізгі назар Қазақстанның қойма сегментін кадрлармен қамтамасыз етуге, жұмыс берушілердің мамандардың кәсіби құзыреттеріне қоятын талаптарына және саланың технологиялық трансформациясы жағдайында кадрлар даярлау перспективаларына аударылды.

Автоматтандырылған қойма жүйелерін, қорларды басқарудың цифрлық платформаларын, Warehouse Management Systems (WMS) қойманы басқару жүйелерін, интеллектуалды технологияларды және қойма үдерістерін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізу мәселелері талқылаудың өзектілігін арттырды.

Панельдік сессия барысында еңбек нарығында үміткерлердің болуы мен заманауи логистикалық кешендерге қажетті құзыреттер деңгейінің сәйкес келмеуі мәселесі қарастырылды. Қатысушылар практикаға бағытталған оқытудың маңызын, білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен өзара іс-қимылын және мамандар даярлау жүйесін бизнестің өзгеріп отыратын талаптарына бейімдеу қажеттілігін талқылады.

ALT University-дің аталған пікірталасқа қатысуы қойма саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етудегі көлік-логистикалық білім берудің маңызды рөлін айқындады. Заманауи логистикалық кешендерге тасымалдау мен қойма операцияларын ұйымдастыратын мамандар ғана емес, цифрлық технологияларды, автоматтандыру құралдарын, деректер аналитикасын және жеткізу тізбектерін басқару әдістерін меңгерген кәсіби кадрлар да қажет.

Талқылаудың маңызды бағыттарының бірі университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі болды. Атап айтқанда, практикалық даярлықты дамыту, білім беру бағдарламаларын өзектендіру, кәсіби тағылымдамаларды ұйымдастыру және бизнес өкілдерін білім беру үдерісіне тарту мәселелері қарастырылды.

Кадрлық мәселелерден бөлек, CAWS 2026 бағдарламасы Орталық Азиядағы қойма жылжымайтын мүлкін дамыту перспективаларын, логистикалық инфрақұрылымның инвестициялық тартымдылығын, жаңа технологиялық шешімдерді, сондай-ақ бөлшек сауда мен электрондық коммерция тарапынан қойылатын талаптардың өзгеруін қамтыды.

ALT University өкілдерінің халықаралық саммитке қатысуы қойма нарығының өзекті үрдістерімен танысуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және көлік-логистика саласының өкілдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.

ALT University практикаға бағытталған білім беруді дамытуды, бизнес-қоғамдастықпен байланысты нығайтуды және Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымын цифрландыру мен жаңғырту жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлауды жетілдіруді жалғастыруда.

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі

  • ТДМ 8 — «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және көлік-логистика саласының кадрлық әлеуетін дамытуға жәрдемдесу.
  • ТДМ 9 — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» — инновациялық технологияларды енгізу және қойма инфрақұрылымын жаңғырту үшін қажетті құзыреттерді дамыту.
  • ТДМ 17 — «Тұрақты даму мақсаттарындағы әріптестік» — университеттің бизнеспен, салалық ұйымдармен және халықаралық кәсіби қоғамдастықпен ынтымақтастығын нығайту.

Автор: Алик Асель

Skip to content
Приемная комиссия