Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-де балабақша, мектеп, колледж басшыларын, IT-қоғамдастық өкілдері мен цифрлық білім беру саласындағы сарапшылардың басын қосқан ауқымды «Almaty AI Education Forum 2026» қалалық форумы өтті.
Форум Алматы қаласы Білім басқармасының және Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының (БЖТҚҒӘО) қолдауымен ұйымдастырылып, Қазақстанның білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні (AI) дамытуды талқылайтын негізгі алаңдардың біріне айналды. Іс-шара Мемлекет басшысы белгілеген Цифрландыру және жасанды интеллект жылының міндеттерін іске асыру аясында өтіп, AI-технологиялардың заманауи білім беру ортасының ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетті.
ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі таңда жасанды интеллект білім беру ортасының маңызды бөлігі екенін, ал заманауи университет тек оқу орны ғана емес, технологиялық өзгерістер мен инновациялар орталығы болуы тиіс екенін атап өтті.
Пленарлық сессияны ашқан БЖТҚҒӘО директорының міндетін атқарушы Ардак Смағұлова Алматының білім беруге жасанды интеллектіні енгізу бойынша жетекші алаң екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мегаполистің білім беру саласындағы AI экожүйесімен қазірдің өзінде 205 мыңнан астам адам қамтылған. Соңғы уақытта AI жүйелеріне 300 мыңнан астам сұраныс жасалып, 83 мыңнан астам цифрлық білім беру ресурсы құрылған.
Форум аясында қатысушылар мектеп кітапханаларын автоматтандыру мен цифрлық менеджменттен бастап, робототехника, деректер аналитикасы және AI-ассистенттерге дейінгі білім беру процесіне жасанды интеллектіні енгізудің практикалық кейстерін талқылады.
ALT University-дің «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, PhD Динара Қасымова заманауи білім беру жүйесіндегі жасанды интеллектінің рөлі, болашақтың цифрлық дағдылары және білім беру процестерінің трансформациясы туралы баяндама жасады.
Форумның басты оқиғаларының бірі — әлемдік көшбасшы UBTECH компаниясымен бірлескен NERO Robotics жобасын талқылау болды. Қатысушыларға 2026 жылы «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» АЭА-да оқытушы роботтардың отандық өндірісін іске қосу жоспарлары таныстырылды.
Форум барысында ALT University-де AI-шешімдер мен білім беру саласына арналған заманауи цифрлық әзірлемелер көрмесі жұмыс істеді. Сондай-ақ қонақтар үшін университеттің жоғары технологиялық зертханаларына кампус-турлар ұйымдастырылды. E-data, Edoox.Com, Edline және A’LEM компанияларының өкілдері мектеп және колледж директорларына арналған шеберлік сабақтарын өткізді.


