Select Page

2 шілдеде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-де Энергетика және цифрлық технологиялар институты түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.

ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова түлектерге құттықтау сөз сөйледі. Ол экономиканың жедел дамуы жағдайында инженерлік және технологиялық білімнің маңыздылығын атап өтіп, түлектерге кәсіби мансаптарын нық қадаммен құруды, алған білімдерін іс жүзінде қолданып, ел дамуына үлес қосуды тіледі. Сондай-ақ түлектер үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауы көрсетілді.

Түлектерге дипломдарды Энергетика және цифрлық технологиялар институтының директоры Айнұр Жұмақанқызы Тойғожинова табыс етті. Биыл аталған институтта 600-ге жуық бакалавриат пен магистратура студенттері оқуын сәтті аяқтады.

Түлектердің бұл қуанышын бөлісуге құрметті қонақтар келді: «Отан», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, теміржол саласының ардагері, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Алматы магистральдық желі бөлімшесі директорының кеңесшісі, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалтай Сәмбетов, Алматы өңірі Теміржолшы-ардагерлер кеңесінің төрағасы Дуан Омаров, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Абай Асылов және «Alageum Electric» басқарушы компаниясының Басқарма төрағасы Нұржан Сәтбаев. Олар түлектерді өмірлеріндегі маңызды кезеңмен құттықтап, кәсіби табыс тіледі.

Оқу барысында университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан, әлеуметтік, ғылыми және шығармашылық жобаларға қатысып, әртүрлі алаңдарда ALT University намысын лайықты қорғаған студенттерге ерекше көңіл бөлінді. Үздік түлектер студенттік қоғамдастықтың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен және марапаттармен атап өтілді.

Түлектердің ата-аналарына да жылы лебіздер мен алғыс айтылды. Балаларына қолдау көрсетіп, тәрбиесіне атсалысқаны және жетістіктеріне үлес қосқаны үшін ең белсенді ата-аналарға университеттің алғыс хаттары табыс етілді. Бұл сәт іс-шара бағдарламасындағы ең әсерлі сәттердің бірі болды.

Салтанатты рәсім естелікке жалпы фотосуретке түсумен және дәстүрлі түрде академиялық бас киімдерді (конфоркаларды) аспанға атумен аяқталды. Жас мамандар үшін бұл күн маңызды кезеңнің аяқталуын және жаңа кәсіби жолдың басталуын айшықтады.

ALT University Энергетика және цифрлық технологиялар институтының түлектерін оқуын сәтті аяқтауымен құттықтайды және оларға өз білімдерін сенімді түрде іске асыруды, жаңа белестерді бағындырып, Қазақстанның өркендеуіне үлес қоса беруді тілейді.

Skip to content
Приемная комиссия