Select Page

ALT University-де Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есбұлатов атындағы Алматы академиясының курсанттары үшін ұйымдастырылған «Жол қозғалысын ұйымдастыру» кәсіби даму курсы аяқталды. Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға бағдарламадан өткені туралы сертификаттар салтанатты түрде табысталды.

Курс қосымша кәсіптік білім беру шеңберінде әзірленіп, жол қозғалысын ұйымдастыру және көше-жол желісіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.

Бағдарламаның басты мақсаты — тыңдаушыларда реттеудің техникалық құралдарын, көлік ағындарын басқарудың инновациялық технологияларын және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін қолдана отырып, қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша заманауи білім мен практиккалық дағдыларды қалыптастыру болды.

Оқу барысында қатысушылар жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын, олардың сипаттамаларын, көше-жол желісінде қолдану мен орнату ерекшеліктерін зерделеді. Жол-көлік оқиғаларын талдауға, апаттық-қауіпті учаскелер мен «тар» орындарды анықтауға, әртүрлі жол жағдайларында қозғалысты ұйымдастыруға, көше-жол желісін паспортизациялауға, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты қызметтердің қызметіне ерекше көңіл бөлінді.

Сертификаттарды табыстау салтанаты 24 шілдеде ALT University-де өтті. Қатысушыларға ALT University корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Андрей Александрович Иванов, ҚР ІІМ Мақан Есбұлатов атындағы Алматы академиясы Әкімшілік-құқықтық дисциплиналар кафедрасы бастығының орынбасары Ролан Диасович Курбанов және ALT University ассоциацияланған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Серик Шимбулатович Абибуллаев куттықтау сөз сөйледі.

Сөз сөйлеушілер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуының маңыздылығын атап өтіп, жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы құзыреттерді арттыру жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге және көлік инфрақұрылымына заманауи инженерлік шешімдерді енгізуге ықпал ететінін тілге тиек етті.

Рәсім соңында 18 курсант кәсіби даму курсынан өткені туралы сертификаттар алды. Шараның финалы қатысушылардың бірлесіп суретке түсуімен аяқталды.

ALT University академикалық білім мен практиккалық құзыреттерді біріктіре отырып, көлік саласы мен қоғамдық қауіпсіздік саласының заманауи талаптарына жауап беретін жоғары білікті мамандарды даярлау үшін қосымша кәсіптік білім беру бағдарламаларын дамытуды жалғастыруда.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия