2026 жылғы 24 қыркүйекте ALT University-де «Бір белдеу, бір жол – 2026: мәдени мұраны сақтау және дамытудағы цифрландыру мен жасанды интеллектті қолдану» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шара ғылыми зерттеулерді дамытуды, инновациялық технологияларды енгізуді және заманауи технологиялық инфрақұрылымды нығайтуды көздейтін Тұрақты даму мақсатының 9-бағытын — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылымды» іске асыруға бағытталды.
Конференция Қазақстан мен Қытайдың ғалымдарын, оқытушылары мен музей мамандарын біріктірді. Қатысушылар мәдени мұраны сақтаудың заманауи технологияларын, музей қорларын цифрландыруды және ғылыми-зерттеу мен реставрация жұмыстарында жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Конференцияны ALT University Компьютерлік ғылымдар департаментінің жетекшісі Қасымова Динара Түгелбекқызы ұйымдастырып, модераторлық етті.
Конференцияға Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қазақстанның Ұлттық орталық музейінің, Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінің және ALT University өкілдері қатысты.
Қатысушыларға ALT University ректоры Меруерт Советқызы Жармағамбетова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы Досбол Сүлейменұлы Байғұнақов және Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Қазақстандағы филиалының вице-президенті Сунь Ао құттықтау сөз сөйледі. Олар Жібек жолының мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауда университеттер, музейлер және ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Мәдениет және мұра институтының ғалымдары Дун Вэньцян, Цао Ицзянь, Ван Дун, Ван Цзюаньли және Тан Синцзя тас, ағаш және қағаз ескерткіштерді, сондай-ақ қабырға суреттерін сақтауға арналған жаңа материалдар мен технологиялық шешімдерді таныстырды. Мәдени мұра нысандарын гиперспектрлік бейнелеу арқылы цифрлық тіркеу мен зерттеуге ерекше назар аударылды.
Қазақстандық музей мамандары дәстүрлі сәукелені реставрациялау тәжірибесімен бөлісті. Әлеуметтік ғылымдар және адам дамуы департаментінің сениор-лекторы Саргизова Гүлзада Балтабекқызы «Қазақстанның сүйек бұйымдары: Орталық Қазақстан қола дәуірі ескерткіштері негізінде» тақырыбында баяндама жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының докторанты Ардақ Ершатқызы мәдени мұраны сақтаудың өзекті мәселелеріне қатысты көзқарасын ұсынды.
Конференцияның аудармасы мен тілдік сүйемелдеуін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Дүйсенбай Құлпынай қамтамасыз етті. Оның жұмысы Қазақстан мен Қытай өкілдері арасындағы мазмұнды академиялық диалогқа ықпал етті.
Конференция барысында қатысушылар бірлескен ғылыми зерттеулердің перспективаларын, музей коллекцияларын цифрландыруды, жасанды интеллект технологияларын енгізуді және академиялық алмасуды дамытуды талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы өзара іс-қимыл бағыттары айқындалып, ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Конференция ғылыми және практикалық тәжірибе алмасуға, Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға және жаңа халықаралық жобаларды қалыптастыруға ықпал етті. Мәдени мұраны сақтауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану ТДМ 9 міндеттеріне сәйкес келеді және инновациялық ғылыми инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Автор: Өмірбекова З. М.


