2026 жылғы 6 тамызда М. Тынышпаев атындағы ALT University-ге мемлекеттік органдар мен білім беру қоғамдастығы өкілдерінен құралған делегация келді. Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Маңғыстау облысы Білім басқармасының, жоғары оқу орындарының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жұртшылық өкілдері кірді.
Сапар ALT University Директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Серіктегінің, Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Меруерт Жармағамбетованың, проректорлардың және құрылымдық бөлімшелер басшыларының қатысуымен өтті.
Бағдарлама шеңберінде делегация ALT University-дің заманауи инфрақұрылымымен танысты. Қатысушыларға университет кампусы, соның ішінде оқу корпустары, мамандандырылған зертханалар, инновациялық білім беру кеңістіктері және жетекші салалық компаниялармен серіктестікте құрылған нысандар таныстырылды.
Инженерлік кадрларды даярлаудың практикаға бағытталған моделіне, білім беру процесіне заманауи технологияларды біріктіруге және университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Танысу сапарынан кейін жұмыс кездесуі өтіп, онда ALT University Басқарма төрағасы – ректоры Меруерт Жармағамбетова университеттің даму стратегиясын, білім беру, ғылыми және халықаралық қызметтің басты бағыттарын, сондай-ақ инженерлік білімді модернизациялау бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.
Кездесу барысында қатысушылар инженерлік білім беруді дамытудың, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың, заманауи білім беру технологияларын енгізудің және көлік-логистикалық, өнеркәсіптік әрі құрылыс салалары үшін жоғары білікті мамандарды даярлаудың өзекті мәселелерін талқылады.
Бұл сапар кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және инженерлік білім беруді дамыту мен кадрлар даярлау саласындағы одан арғы ынтымақтастықтың болашағын талқылау алаңына айналды.
Автор: Алия Ерлан


