Select Page

2026 жылғы 4 қыркүйекте ALT University-де 2026–2027 оқу жылында бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен шетелдік студенттермен танысу кездесуі өтті.

Кездесу жаңа студенттер үшін университет басшылығымен, білім беру ортасымен, ALT University құрылымымен және студенттік өмірдің негізгі бағыттарымен танысуға, сондай-ақ Қазақстанда оқуға жайлы бейімделу үшін қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік берді.

Шетелдік студенттерге құттықтау сөзімен ALT University Басқарма Төрағасы – Ректор Меруерт Советовна Жармағамбетова сөз сөйледі. Ол студенттерді университетке оқуға түсуімен құттықтап, оларға оқуда табыс, жарқын студенттік өмір, жаңа таныстықтар мен кәсіби даму мүмкіндіктерін тіледі:

«Сіздерді ALT University-де қарсы алуға қуаныштымыз. Оқуда табыс, қызықты әрі мазмұнды студенттік өмір, жаңа достар және даму үшін үлкен мүмкіндіктер тілейміз. Біз әрқашан сіздер үшін ашықпыз және бүкіл оқу кезеңінде қолдау көрсетуге дайынбыз. Міне, осы Алматыда және Қазақстанда сенімді достар тауып, бағалы тәжірибе алып, өз идеяларыңызды жүзеге асырасыздар деп үміттенемін», — деп атап өтті Басқарма Төрағасы – Ректор.

Іс-шараға ALT University Директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Бейбітұлы Серіктегі, сондай-ақ университет басшылығы қатысты. Әкімшілік өкілдері, проректорлар, мектеп директорлары мен құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері студенттермен кездесіп, университетте қолжетімді қолдау бағыттары мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Шетелдік студенттерді бейімдеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Кездесуге қатысушылар сұрақтарын университет өкілдеріне тікелей қоюға, оқу процесі, ұйымдастырушылық және студенттік өмірдің басқа да аспектілері бойынша қай бөлімшелерге жүгінуге болатынын білуге мүмкіндік алды.

Студенттерге университет жобаларына, стартаптарға, хакатондарға, ғылыми және қоғамдық қызметке қатысу мүмкіндіктері туралы бөлек айтылды. Университет шетелдік студенттердің білім беру бағдарламаларын табысты меңгеріп қана қоймай, ALT University өміріне де белсенді қатысуына мүдделі.

Кездесу аясында шетелдік студенттерге Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясының даналары табысталды. Бұл студенттердің өздері өмір сүріп, білім алатын елдің тарихымен, құндылықтарымен және заманауи қоғамдық құрылымымен танысуының символдық белгісі болды.

ALT University жаңа студенттерді құшақ жая қарсы алады және оларға сәтті бастама, жарқын әсерлер, кәсіби жетістіктер мен Алматыдағы студенттік өмірдің ұмытылмас жылдарын тілейді!

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия