Халықаралық білім беру ынтымақтастығы аясында ALT University оқытушылары Қытай Халық Республикасында өнеркәсіптік роботтарды қолдану бойынша мамандандырылған оқудан өтуде.
Бағдарламаға Компьютерлік ғылымдар департаментінің сениор-лекторы Махашева Нурсулу Абилсеитқызы, Телекоммуникациялар департаментінің сениор-лекторлары Хабиболлақызы Балымгүл мен Смаилова Дина Алпысбаевна, Автоматтандыру және басқару департаментінің ALT қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Шалабаев Бахытжан Рамазанович, сондай-ақ Технопарктің инженер-конструкторы Юлдашов Сардор Бердибекович қатысуда.
Оқу Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Куньшань қаласында «Лу Бань шеберханасы» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарлама оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, өнеркәсіптік автоматтандырудың заманауи технологияларын меңгеруге және озық халықаралық тәжірибені университеттің білім беру үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді.
BODATE қытайлық компаниясының базасында қатысушылар теориялық және практикалық дайындықтан өтуде. Олар ROKAE өнеркәсіптік роботтарын басқару және бағдарламалау қағидаларын, жабдықты баптау тәсілдерін, сондай-ақ роботтарды автоматтандырылған өндірістік үдерістерде қолдану ерекшеліктерін зерттеп жатыр.
Практикалық сабақтар оқытушыларға заманауи роботтандырылған кешендермен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға, алынған білімді оқу пәндерін жаңартуда, практикалық және зертханалық сабақтарды әзірлеуде пайдалануға, сондай-ақ робототехника мен автоматтандырудың заманауи технологияларын білім беру үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағытына — «Сапалы білім», 9-бағытына — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» және 17-бағытына — «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» сәйкес келеді. Ол оқытушылардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге, инновациялық білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге және білім, ғылым мен технология салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Бағдарламаға қатысу Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ALT University оқытушыларының кәсіби әлеуетін дамытуға, озық халықаралық тәжірибе алмасуға және робототехника, өнеркәсіптік автоматтандыру мен цифрлық технологиялардың заманауи шешімдерін университеттің білім беру үдерісіне енгізуге ықпал етеді.
Автор: Өмірбекова З. М.


