ALT University-де Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы және Ұлттық зерттеу университеті – Жоғары экономика мектебі (НИУ ВШЭ) өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу көлік жүйесін дамыту, жол қозғалысын ұйымдастыру, көліктік жоспарлау және заманауи көлік саласына қажетті мамандарды даярлау мәселелері бойынша кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының өкілдері көлік ағындарын басқару, жол қозғалысын ұйымдастыру, интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту және көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағыттарындағы практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу барысында көлік ағындарын талдаудың заманауи тәсілдерін қолдану, цифрлық технологиялар мен деректерді қалалық көлік жүйесін басқару кезінде пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
НИУ ВШЭ өкілдері қалалық және өңірлік даму, көліктік жоспарлау және қалалық ортаны зерттеу бағыттарындағы академиялық және ғылыми-зерттеу тәжірибелерімен таныстырды. Бұл бағыттар заманауи қалалардың тұрақты дамуы мен тиімді көлік жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
ALT University үшін мұндай кездесулер саланың нақты талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Салалық ұйымдар мен жетекші академиялық орталықтардың сарапшыларын білім беру процесіне тарту болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен іс-шаралар өткізу, сарапшылар мен тәжірибе алмасу, салалық мамандардың білім беру процесіне қатысуы, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын дамыту перспективаларын талқылады.
ALT University көлік саласының өкілдері мен академиялық қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, студенттердің кәсіби дамуына және заманауи көлік жүйесінің талаптарына сәйкес келетін құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.
Автор: Абдикаликова Л. Б.


