М. Тынышбаев атындағы ALT University мен «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС білім беру, ғылым және жоғары білікті мамандар даярлау саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою университет пен Алматы қаласының қала құрылысын жоспарлау, аумақтарды дамыту және сәулеттік жобалау бағытында жетекші ұйымдардың бірі болып табылатын институт арасындағы серіктестікті нығайтудағы маңызды қадам болды.
«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Қазақстандағы қала құрылысы саласындағы жетекші ғылыми-жобалау ұйымдарының бірі болып табылады. Институт елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, аумақтарды кешенді дамыту схемаларын, көлік инфрақұрылымы мен инженерлік желілердің жобаларын әзірлейді. Сонымен қатар, заманауи цифрлық технологиялар мен геоақпараттық жүйелерді қолдана отырып, тұрақты қалалық ортаны дамыту тұжырымдамаларын іске асыруға белсенді қатысады.
Меморандум аясында тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бірқатар басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, студенттердің өндірістік және дипломалды тәжірибесін ұйымдастыру, дуальды оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру, түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, семинарлар, шеберлік сабақтары мен жетекші мамандардың қатысуымен қонақ дәрістерін өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ серіктестік тәжірибе алмасуды, жұмыс беруші өкілдерінің университеттің білім беру бағдарламаларын жетілдіруге қатысуын, қала құрылысын цифрландыру, көліктік модельдеу, геодезия, геоақпараттық технологиялар, сәулет және аумақтық жоспарлау салаларындағы бірлескен бастамаларды дамытуды көздейді.
«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтымен серіктестік ALT University студенттеріне практикалық дағдыларды жетілдіруге, қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған нақты жобаларға қатысуға және саладағы жетекші сарапшылардың жетекшілігімен кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Меморандумға қол қою ALT University-дің еліміздің жетекші кәсіпорындары мен ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге деген ұмтылысын тағы бір мәрте дәлелдейді және еңбек нарығында сұранысқа ие, тәжірибеге бағытталған мамандар даярлауға ықпал етеді.
Автор: Абдикаликова Л. Б.


