2026 жылғы 6 мамырда Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-ге Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Daekyeung University ресми делегациясы келді. Бұл кездесу халықаралық ынтымақтастықты, академиялық ұтқырлықты дамыту және заманауи технологиялар мен білім беру саласында тәжірибе алмасу жолындағы маңызды қадам болды.
Корей делегациясының құрамында Daekyeung University Директорлар кеңесінің төрағасы Ю Джин Сон, Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Ю Сэ Ён, халықаралық департамент өкілдері, Оңтүстік Кореяның жетекші университеттерінің профессорлары, сондай-ақ IT-білім беру бағдарламаларының серіктестері мен Креативті технологиялар академиясының өкілдері болды.
ALT University тарапынан қонақтарды Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова, университет проректорлары, институттар мен кафедра басшылары, сондай-ақ халықаралық байланыстар кеңсесінің өкілдері қарсы алды.
Ресми кездесу барысында тараптар университеттердің білім беру мүмкіндіктерін таныстырып, бірлескен жобалардың перспективаларын, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын, цифрлық технологиялар, инженерия және IT-білім беру саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Халықаралық білім беру бағдарламаларын дамытуға және болашақ экономикасы үшін мамандар даярлауға ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша ALT University мен Daekyeung University арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Daekyeung University — технологиялар, цифрлық индустрия, медиа, дизайн және инженерия салаларындағы практикаға бағытталған бағдарламаларымен, инновациялық оқыту әдістерімен танымал Оңтүстік Кореяның заманауи университеттерінің бірі.
Ресми бөлімнен кейін қонақтар үшін ALT University инфрақұрылымы бойынша ауқымды кампус-тур ұйымдастырылды. Делегация желілік қауіпсіздік, робототехника және мехатроника, Smart Roads, «Ақылды үй» зертханаларымен, Huawei Academy ALT, Intelligent Sensing Lab, Coding Club, технопарктермен және Smart Logistics орталығымен танысты.
Шетелдік қонақтар заманауи жабдықтармен жарақтандырылған инженерлік зертханаларға, сондай-ақ университеттің цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және зияткерлік технологиялар саласындағы жобаларына үлкен қызығушылық танытты. Сондай-ақ қонақтар автомобиль инженериясы зертханасын, Silk Road Workshop-Smart Logistics оқу орталығын және ұшқыштар мектебін тамашалады.
ALT University-де атап өткендей, халықаралық серіктестікті дамыту — жаһандық білім беру ортасын құруға және жаңа буынның бәсекеге қабілетті мамандарын даярлауға бағытталған университеттің басты басымдықтарының бірі.


