ALT University өкілдері — Корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Андрей Иванов пен Аппарат жетекшісі Жәнібек Смадияров университеттің серіктесі — Orbis Group холдингі ұйымдастырған дәстүрлі корпоративтік жорыққа қатысты.
Биылғы маршрут Іле Алатауы ұлттық паркінің ең көрікті жерлерінің бірі — Ескі жапон жолы арқылы өтті. Шараға Orbis Group қызметкерлері, компания серіктестері, олардың отбасы мүшелері мен достары жиналды. 400-ден астам адам 15 шақырымнан астам қашықтықты бағындырып, бұл жорық тарихындағы рекордтық көрсеткішті тіркеді.
Мұндай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттауға, корпоративтік мәдениетті нығайтуға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға септігін тигізеді. Шара аясында ұлттық парк аумағында қоқыс жинау бойынша дәстүрлі экологиялық акция да ұйымдастырылды.
ALT University өкілдерінің бұл бастамаға қатысуы университеттің тұрақты даму қағидаттарына адалдығын көрсетеді. Бұл жорық денсаулықты сақтауды, физикалық белсенділікті және белсенді өмір салты мәдениетін дәріптей отырып, БҰҰ-ның №3 Тұрақты даму мақсатын («Жақсы денсаулық және әл-ауқат») жүзеге асыруға үлес қосады. Сонымен қатар, аталған шара кәсіби байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу және ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамыту үшін бизнес, білім беру және қоғам өкілдерінің басын қосып, №17 Мақсаттың («Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік») іс жүзіндегі жарқын үлгісіне айналды.
ALT University мен Orbis Auto компаниясын практикаға бағытталған білім беруді дамытуға, автомобиль саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға және университет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді серіктестік байланыстырады. Бірлескен жобалардың арқасында студенттер заманауи технологияларға, бейінді зертханаларға, өндірістік практикаға және индустрия өкілдерінің сараптамалық біліміне қол жеткізе алады. Orbis Auto — экономиканың түрлі секторларында қызмет ететін Қазақстандағы ең ірі көпбейінді бірлестіктердің бірі Orbis Group холдингінің құрамына кіреді.
Автор: Алия Ерлан


