Select Page

Бағдарлама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағытына — «Сапалы білім», 9-бағытына — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» және 17-бағытына — «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» сәйкес келеді. Ол оқытушылардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Халықаралық білім беру ынтымақтастығы аясында ALT University оқытушылары Қытай Халық Республикасында өнеркәсіптік роботтарды қолдану бойынша мамандандырылған оқудан өтуде.

Бағдарламаға Компьютерлік ғылымдар департаментінің тағылымгер-оқытушысы Махашева Нурсулу Абилсеитқызы, Телекоммуникациялар департаментінің тағылымгер-оқытушысы Хабиболлақызы Балымгүл мен сениор-лекторы Смаилова Дина Алпысбаевна, Автоматтандыру және басқару департаментінің қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Шалабаев Бахытжан Рамазанович, сондай-ақ Технопарктің инженер-конструкторы Юлдашов Сардор Бердибекович қатысуда.

Оқу Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Куньшань қаласында «Лу Бань шеберханасы» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарлама оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, өнеркәсіптік автоматтандырудың заманауи технологияларын меңгеруге және озық халықаралық тәжірибені университеттің білім беру үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді.

BODATE қытайлық компаниясының базасында қатысушылар теориялық және практикалық дайындықтан өтуде. Олар ROKAE өнеркәсіптік роботтарын басқару және бағдарламалау қағидаларын, жабдықты баптау тәсілдерін, сондай-ақ роботтарды автоматтандырылған өндірістік үдерістерде қолдану ерекшеліктерін зерттеп жатыр.

Практикалық сабақтар оқытушыларға заманауи роботтандырылған жүйелермен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға және алынған білімді оқу пәндері мен зертханалық сабақтардың мазмұнына енгізуге жағдай жасайды.

Бағдарламаға қатысу Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және технология салаларындағы серіктестікті нығайтып, ALT University оқытушыларының кәсіби әлеуетін арттыруға және робототехника мен автоматтандырудың заманауи шешімдерін білім беру үдерісіне енгізуге ықпал етеді.

Автор: Өмірбекова З. М.

Skip to content
Приемная комиссия