2026 жылғы 25 қазанда Түркістан қаласында Turkistan Marathon 2026 марафоны өтті. Аталған спорттық іс-шараға «Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университеті» АҚ-ның екі профессоры қатысып, жоғары дене дайындығын, төзімділік пен мақсатқа ұмтылушылықты көрсетті.
Спорттық жарыста университет атынан қатысқан профессорлар:
-
Қанат Даубаев — Логистика және бизнес департаментінің профессоры, 42,195 км толық марафон қашықтығын сәтті бағындырды.
-
Нұрбек Джакупов — Жылжымалы құрам департаментінің профессоры, 21,0975 км жартылай марафон қашықтығын сәтті аяқтады.
Екі оқытушы да мәреге сәтті жетіп, Turkistan Marathon 2026 марафонының финишер медальдарымен марапатталды. Бұл жетістік табандылық, тәртіп пен алға қойған мақсатқа жетуге деген ұмтылыстың кәсіби қызметте ғана емес, спортта да маңызды екенін көрсетті.
Марафондық жүгіру жеңіл атлетикадағы төзімділікті талап ететін ең күрделі жарыс түрлерінің бірі болып саналады. Мұндай қашықтықтарды бағындыру үшін жүйелі жаттығу, физикалық және психологиялық дайындық, ерік-жігер мен жоғары деңгейдегі өзін-өзі ұйымдастыру қабілеті қажет.
ALT University профессорларының марафонға қатысуы 25 қазан — Қазақстан Республикасының күнімен тұспа-тұс келуімен ерекше мәнге ие болды. Олардың спорттық жетістігі еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің біріне арналған өзіндік спорттық тарту болып, отансүйгіштіктің, рухтың беріктігі мен жеке жетістіктерге ұмтылыстың жарқын үлгісіне айналды.
Оқытушылардың осындай спорттық іс-шараларға қатысуы олардың белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстанатынын көрсетіп, студенттер мен әріптестеріне үлгі болады. Профессорлардың жеке тәжірибесі кәсіби даму, ғылыми-педагогикалық қызмет және спортпен шұғылдану бірін-бірі толықтыра алатынын дәлелдейді.
ALT University өз оқытушыларының жетістіктерін мақтан тұтады және университет қауымдастығы арасында спорт мәдениетін дамытуға, денсаулықты нығайтуға және белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған бастамаларды қолдайды.
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі
- ТДМ 3 — «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» — дене белсенділігін, салауатты өмір салтын насихаттау және студенттер мен оқытушылар арасында денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
- ТДМ 4 — «Сапалы білім» — жеке үлгі арқылы тәрбиелеу, студенттердің бойында тәртіп, табандылық, өзін-өзі дамыту және мақсатқа жетуге ұмтылу құндылықтарын қалыптастыру.
Автор: Алик Асель


