2026 жылғы 14 қазанда Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University өкілдері Ресей көлік университеті (МИИТ, Мәскеу, Ресей Федерациясы) ұйымдастырған «Көлік және логистиканың цифрлық технологиялары» атты VI халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Іс-шараға бейнеконференцбайланыс форматында ALT University Бизнес мектебінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты Муслим Айкумбеков, Логистика және бизнес департаментінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сауле Бекжанова, сондай-ақ аталған департаменттің қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Анар Немасипова қатысты.
Конференция аясында Анар Немасипова «Көлік кешенінің цифрлық трансформациясы: білім беру жүйесі мен кадрлар даярлау саласындағы сын-қатерлер» атты панельдік сессияда спикер ретінде сөз сөйледі.
Сессия қатысушылары көлік саласын цифрлық трансформациялау жағдайында жоғары білікті мамандар даярлау, жасанды интеллектті, үлкен деректерді, цифрлық платформаларды, интеллектуалды көлік жүйелерін және өндірістік үдерістерді автоматтандыру технологияларын енгізу мәселелерін талқылады. Білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және көлік университеттерінің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылын дамытуға ерекше назар аударылды.
Анар Немасипованың баяндамасының тақырыбы — «Қазақстан Республикасындағы көлік және логистика білім беру бағдарламаларының трансформациясы: инженерия, цифрлық құзыреттер және еңбек нарығы талаптарының үйлесімі».
Баяндамада ALT University өкілдері әзірлеген «Көлік логистикасы», «Цифрлық логистика», «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» және «Логистика (салалар бойынша)» білім беру бағдарламаларын жаңарту моделі ұсынылды.
Ұсынылған тәсіл Қазақстан Республикасының қолданыстағы кәсіптік стандарттарын, Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласында айқындалған перспективалық құзыреттерді, сондай-ақ инженерлік білім берудің ғылыми негізделген тәсілдерін біріктіреді.
Ұсынылған модельдің негізгі идеясы — еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлау үшін оқу жоспарларына жекелеген цифрлық пәндерді енгізу жеткіліксіз. Ол үшін кәсіби еңбек функцияларын, оқыту нәтижелерін, практикалық тапсырмаларды және бағалау критерийлерін өзара үйлестіру қажет.
ALT University өкілдерінің халықаралық конференцияға қатысуы ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасуға, көлік саласындағы білім беруді цифрлық трансформациялаудың перспективаларын талқылауға және көлік университеттері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға ықпал етті.
ALT University көлік-логистика саласының қажеттіліктеріне бағдарланған білім беру бағдарламаларын жетілдіруді, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге бағытталған ғылыми тәсілдерді дамытуды жалғастыруда.
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі
- ТДМ 4 — «Сапалы білім» — білім беру бағдарламаларын жетілдіру, цифрлық және инженерлік құзыреттерді дамыту, мамандар даярлау сапасын арттыру.
- ТДМ 9 — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» — көлік-логистика саласын цифрлық трансформациялауға қажетті кадрларды даярлаудың инновациялық тәсілдерін дамыту.
- ТДМ 17 — «Тұрақты даму мақсаттарындағы әріптестік» — университеттер арасындағы халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту және кәсіби тәжірибе алмасу.
Автор: Алик Асель


