2026 жылғы 1–2 қыркүйекте Астанада Білім беруді аккредиттеу жөніндегі Орталық Азия ассоциациясы (CAAAE) Қытай инженерлер қоғамымен (CSE) бірлесіп ұйымдастырған «Қытай – Орталық Азия жас инженерлер алмасуы – 2026» Екінші конференциясы өтті. Іс-шара Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы инженерлік білім беру, ғылыми-технологиялық даму және заманауи мамандарды даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Мухамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университеті инженерлік кадрларды даярлау саласындағы тәжірибесін таныстыра отырып, конференцияға қатысты.
ALT University Басқарма Төрағасы — Ректор Меруерт Советовна Жармағамбетова пленарлық сессияда «Практикаға бағытталған білім беру: Өнеркәсіп сұранысынан — расталған инженерлік құзыреттілікке» тақырыбында баяндама жасап, спикер ретінде сөз сөйледі.
Өз баяндамасында ректор өнеркәсіптің заманауи талаптарын ескере отырып, практикаға бағытталған білім беруді дамыту және білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша университеттің тәсілдерін таныстырды. Бүгінгі таңда тек фундаменталды білімі бар ғана емес, сонымен бірге оны шынайы өндірістік және технологиялық міндеттерде қолдануға дайын мамандарды даярлау ерекше маңызға ие болып отыр.
Конференция жұмысына, сондай-ақ, ALT University Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Шамиль Асқарұлы Абдрешов қатысты.
Конференция бағдарламасы Қытай мен Орталық Азия елдерінің университеттері, инженерлік қоғамдастықтары, ғылыми ұйымдары мен бизнес өкілдерінің басын қосты. Негізгі тақырыптардың қатарында теміржол көлігі саласындағы халықаралық ынтымақтастық, энергетикада жасанды интеллектті қолдану, көлік инфрақұрылымын дамыту және инженерлік кадрларды даярлауда тәжірибе алмасу болды.
Жас инженерлер арасындағы практикалық өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар инновациялық әзірлемелерді таныстырды, өзекті инженерлік-техникалық шешімдерді талқылады және тақырыптық диалогтар, презентациялар мен практикалық іс-шаралар шеңберінде тәжірибе алмасты.
ALT University үшін конференцияға қатысу халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы және Қытай мен Орталық Азия елдерінің білім беру, ғылыми және индустриялық серіктестерімен кәсіби байланыстарды нығайтудағы кезекті қадам болды.
Университет өкілдерінің халықаралық инженерлік форумдарға қатысуы озық тәжірибе алмасуға, бірлескен бастамаларды дамытуға және көлік-логистикалық әрі басқа да жоғары технологиялық салалар үшін мамандар даярлауды одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.


