Select Page

2026 жылғы 15–17 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары шеңберінде М. Тынышпаев атындағы ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова бірқатар кездесулер өткізіп, білім, ғылым, инновациялар мен технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған стратегикалық келісімдерге қол қойды.

Шанхай Цзяотун университетінің басшылығымен кездесу

Сапар барысында қазақстандық делегация Қытай мен әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Шанхай Цзяотун университетіне (Shanghai Jiao Tong University, SJTU) барды. Университет ректоры, академик Дин Куйлиньмен кездесу өтіп, оның барысында тараптар жоғары білім, ғылым және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықтың болашағын, сондай-ақ бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Шанхай Цзяотун университеті әлемдегі ең беделді университеттердің қатарына киреді және инженерлік ғылымдар, технологиялар, медицина, менеджмент әрі ғылыми зерттеулердегі жетістіктерімен танымал. Университет инновацияларды, кәсіпкерлік құзыреттерді және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі.

YALONG Intelligent Equipment Group компаниясымен стратегикалық серіктестік

2026 жылғы 16 шілдеде М. Тынышпаев атындағы ALT University мен қытайлық YALONG Intelligent Equipment Group компаниясы арасында стратегикалық серіктестік туралы шартқа қол қойылды. Қазақстан тарапынан құжатқа ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова, ал Қытай тарапынан YALONG Intelligent Equipment Group төрағасы Чэнь Цзицюань (Chen Jiquan) қол қойды. Ынтымақтастықтың басты бағыты — университет базасында бірлескен Yalong Lab ғылыми-зерттеу және инновациялық орталығын құру болмақ. Жаңа орталық бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды жүзеге асыру, заманауи технологияларды енгізу, сараптамалық тәжірибе алмасу және жоғары білікті мамандарды даярлау алаңына айналады, сондай-ақ инженерлік білім беруді дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Тяньцзинь университетімен жаңа академикалық байланыстар

16 шілдеде Шанхай қаласында М. Тынышпаев атындағы ALT University мен Тяньцзинь университеті арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат академикалық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ инженерлік білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Әлемдік саудаға арналған цифрлық шешімдерді зерделеу

Жұмыс бағдарламасы аясында ALT University делегациясы жаһандық сауда аналитикасы, Big Data және цифрлық маркетинг саласындағы қытайлық жетекші әзірлеушілердің бірі — TOPEASE компаниясына барды. Компания жасанды интеллект және үлкен деректер (Big Data) технологияларын пайдалана отырып, 220-дан астам ел мен өңірдің деректерімен жұмыс істейді. Олар әлемдік сауданы, халықаралық нарықтағы өзгерістерді, сұранысты, бәсекелестік ортаны талдап, бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін издестірумен айналысады. Компанияның жұмыс қағидаты оның «Data Creates Value» («Деректер құндылықты қалыптастырады») ұранынан көрініс табады. Бұл бүгінгі таңда тек ауқымды ақпарат жиынтығына қол жеткізу ғана емес, сонымен бірге деректерді тиімді басқарушылық шешімдерге айналдыра білу қабілеті де маңызды екенін айқындайды. TOPEASE тәжірибесі цифрлық құзыреттерді, деректер аналитикасын дамыту және заманауи экономика үшін мамандар даярлау тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады.

Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

Өткізілген кездесулер, қол қойылған келісімдер мен танысу сапарлары М. Тынышпаев атындағы ALT University халықаралық қызметін дамытудың маңызды кезеңіне айналды. Қытайдың жетекші университеттерімен және технологиялық компанияларымен орнатылған жаңа серіктестік бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізуге, инновациялық білім беру шешімдерін енгізуге, жаңа буын мамандарын даярлауға және Қазақстан мен Қытай арасындағы академикалық байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия