Республика күніне орай Алматы қаласындағы «Медеу» биік таулы мұз айдынында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерудің салтанатты рәсімі өтті. Аталған іс-шараға ALT University студенттері де қатысып, ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірлікті дәріптейтін маңызды мерекелік шараның куәсі болды.
Салтанатты рәсімге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, спортшылар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Іс-шараға барлығы 1 500-ден астам адам жиналды.
Рәсім барысында әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Биіктігі 40 метрлік ту тұғырына өлшемі 7×14 метр болатын көк байрағымыз көтерілді.
Мұндай маңызды іс-шараларға қатысу жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және ел болашағына деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Республика күні құтты болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Автор: Қадырбек Айзада


