Select Page

ALT University түлектері Forbes Kazakhstan ұсынған «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені — 2026» рейтингіне қайта кірді.

Он алтыншы рет жарияланған ТОП-50 жылдық рейтингке кәсіби қызметі Қазақстандағы инфрақұрылымды, көлікті және бизнесті дамытумен тығыз байланысты Дінмұхамет Идрисов пен Марат Жуман енді.

Forbes Kazakhstan рейтингін жасау кезінде кәсіпкерлік қызметтің нәтижелері ғана емес, сонымен бірге қоғамдық белсенділік, қайырымдылық және бизнесмендердің экономика мен қоғамның түрлі салаларын дамытуға тигізетін ықпалы ескерілді. Бірінші кезеңде редакция қазақстандық бизнестің 100-ден астам көрнекті өкілінен тұратын кеңейтілген тізімді қалыптастырды. Кейін капитал көлемі, компаниялардағы қызметкерлер саны және 2025 жылғы салық аударымдарының мөлшері сияқты көрсеткіштерді ескере отырып, қатысушылар тізімі 66 кәсіпкерге дейін қысқартылды.

Соңғы бағалауды бизнес, салалық бірлестіктер, қоғамдық сала, талдау қоғамдастығы мен іскерлік БАҚ өкілдері кірген сарапшылар тобы жүргізді.

Дінмұхамет Идрисов «Диверсификацияланған бизнес» категориясы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені — 2026 рейтингінде 18-орынды иеленді.

1989 жылы ол Өскемен құрылыс-жол институтының Алматы филиалында білім алған. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын аяқтады. 2002 жылы Құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітіріп, техника ғылымдарының докторы дәрежесін алды. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі болып сайланды.

Еңбек жолын 1989 жылы ҚазКСР Автомобиль жолдары министрлігі жүйесінде шебер болып бастаған. Жылдар өте келе Алматы автожол институтында және Өскемен жол-құрылыс институтында оқытушылық әрі ғылыми қызметтерді атқарды. Қызмет жолында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарушы директоры лауазымын да атқарған.

Бүгінгі таңда бизнесмен Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейтін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» холдингін бақылайды және оның бақылау кеңесін басқарады. 2025 жылдың наурызынан бастап компания Астана халықаралық биржасының (AIX) ресми тізіміне енгізілген. Forbes Kazakhstan мәліметтері бойынша, 2025 жылы компания активтері 516,3 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар Дінмұхамет Идрисов «Ай Қараауыл» АҚ, «AltynEx Company» АҚ, «Kundybai Mining» АҚ, «Белогорское» ЖШС және «Керегетас кен-руда компаниясы» ЖШС үлестеріне иелік етеді. Улы Жармұхамед Аппазбен бірге «Ordabasy Group» ЖШС-не иелік етеді. 2026 жылы Дінмұхамет Идрисов Түркістан облысының «Тұран» футбол клубын сатып алды.

Ықпалды бизнесмендер рейтингіндегі 18-орыннан бөлек, ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша «Қазақстанның 75 ең бай бизнесмені — 2026» рейтингінде 17-орынды иеленді. Дінмұхамет Идрисовтың Forbes Kazakhstan рейтингіндегі профилі

Марат Жуман «Көлік» категориясы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені — 2026 рейтингінде 41-орынға тұрақтады.

Марат Жуман 1994 жылы қазіргі ALT University-дің негізін қалаған оқу орындарының бірі — Алматы теміржол көлігі инженерлері институтына оқуға түскен.

Бүгінде Марат Жуман — 30 елде жұмыс істейтін Atasu Group халықаралық көліктік-логистикалық холдингінің негізін қалаушысы, меншіктенушісі және директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстанда компания Алматы және Жетісу облыстарында үш көліктік-логистикалық терминалды басқарады. Сондай-ақ топтың меншікті вагон, локомотив және жүк автокөлігі парктері бар.

Марат Жуман қоғамдық, білім беру және қайырымдылық жобаларына белсене қатысады. Ол «Аударыспақ» федерациясының президенті және Atasu қайырымдылық қорының құрылтайшысы болып табылады. Сонымен қатар Parasat бизнес-клубының, YPO Kazakhstan және IQanat білім беру жобасының қатысушысы.

Forbes Kazakhstan 2026 жылғы рейтингінде Марат Жуман елдің ең бай 75 бизнесмені арасында 44-орынды иеленді. Марат Жуманның Forbes Kazakhstan рейтингіндегі профилі

ALT University үшін екі кәсіпкердің де кәсіби жолы техникалық және көліктік біліммен байланысты болуы ерекше маңызды. Бүгінде олар Қазақстан үшін стратегиялық маңызды салаларда ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.

ALT University өз түлектерінің жетістіктерін мақтан тұтады және Дінмұхамет Идрисов пен Марат Жуманды Forbes Kazakhstan — 2026 рейтингіндегі мәртебелі орындарымен құттықтайды!

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия