2026 жылғы 9 қыркүйекте «Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University» АҚ басшылығы мен Changan Auto өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Тараптар инженерлік білім беру, автомобиль саласына мамандар даярлау және заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу бағыттарындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Кездесуге ALT University Директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Серіктегі, Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова, проректорлар, Халықаралық байланыстар офисінің, Инженерия мектебінің және Автомобиль инженериясы және қауіпсіздік департаментінің басшылары қатысты. Шетелдік серіктестер тарапынан Чжан Кай мен Гаухар Сағадиева қатысты.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі ALT University базасында мамандандырылған оқу шеберханасын ашу болды. Тараптар заманауи жабдықтарды жеткізу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және оқу кеңістігін ұйымдастыру мәселелерін қарастырды. Кездесу барысында университетте шеберхана ашу жобасын одан әрі іске асыруға дайын екендіктерін растады.
Жаңа шеберхана автомобиль саласына мамандар даярлауға арналған тәжірибеге бағдарланған білім беру алаңына айналады. Студенттер автомобильдердің құрылысы мен техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерін зерделеп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге және озық өндірістік технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады.
ALT University нұсқаушыларын даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Оларға алты айдан бір жылға дейінгі арнайы оқыту бағдарламасын ұйымдастыру жоспарлануда. Алынған білім мен практикалық дағдылар оқу үдерісін ұйымдастыруда және болашақ шеберхананың жұмысында қолданылатын болады.
Кездесуге қатысушылар Қытай университеттерімен академиялық ынтымақтастықты дамыту, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, ALT University студенттерін Қытайға оқуға жіберу және қытайлық студенттерді магистратураға тарту мүмкіндіктерін де талқылады. Сонымен қатар ALT University базасында Қытай университеттерінің бірінің филиалын ашу перспективалары қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді. Бірлескен бастамаларды іске асыру студенттердің практикалық даярлығын күшейтуге, халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге және ALT University білім беру үдерісіне заманауи автомобиль технологияларын енгізуге жаңа мүмкіндіктер береді.
Автор: Байгулова Н. Ш.


