Select Page

16 сәуірде ALT University-де шығармашылық бағыт бойынша ҰБТ-ға дайындайтын «Suret Design» білім беру орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған шығармашылық олимпиада өтті.

Іс-шара «В073 – Сәулет» білім беру бағдарламасына түсуді жоспарлап отырған талапкерлерге арналды. Олимпиада сәулет, дизайн және бейнелеу өнері бағыттарына қызығатын дарынды әрі шығармашыл түлектерді анықтау алаңына айналды.

Олимпиадаға офлайн форматта 50 оқушы, ал онлайн форматта 250-ден астам үміткер қатысты. Конкурстық тапсырма аясында болашақ талапкерлерге шығармашылық емтихан элементтерінің бірі — гипстік розетканың суретін салу ұсынылды. Бұл тапсырма қатысушылардың академиялық сурет деңгейін, кеңістіктік ойлау қабілетін, бөлшектерге деген ұқыптылығын және көркемдік дайындығын бағалауға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылар қатысушылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін, сондай-ақ мектеп оқушыларының шығармашылық және сәулет мамандықтарына деген үлкен қызығушылығын атап өтті. Көптеген талапкерлер үшін бұл олимпиада өз дағдыларын қабылдау емтихандарына жақын жағдайда тексеріп қана қоймай, университеттің білім беру ортасымен танысуға жақсы мүмкіндік болды.

Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылар арасында «В073 – Сәулет» білім беру бағдарламасында оқу үшін ALT University Басқарма төрағасы – Ректорының бір білім беру гранты сарапқа салынады.

Университетте дарынды жастарды қолдау және студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау ALT University білім беру саясатының маңызды бөлігі екенін жеткізді. Оқу орны жаңа буынның бәсекеге қабілетті мамандарын даярлауға барлық жағдайды жасай отырып, сәулет, жобалау, инженерия және заманауи креативті индустриялармен байланысты бағыттарды белсенді дамытып келеді.

Мұндай олимпиадаларды өткізу мектеп оқушыларына ерте кәсіптік бағдар беруге, сәулет өнеріне деген қызығушылықты арттыруға және болашақ студенттердің мықты шығармашылық қауымдастығын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Skip to content
Приемная комиссия