1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT Университетінде Алматы қаласы Білім басқармасының «Арнайы білім беру ұйымы» КММ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Бала күлкісі — бақыт үні» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның басты мақсаты — балаларға шаттық сыйлап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасау, сондай-ақ қоғамның әрбір баланың бақытты балалық шаққа деген құқығына деген жауапкершілігін арттыру болды.
Іс-шара барысында балалар түрлі қызықты ойындарға қатысып, сурет салу алаңында өз қиялдарын қағаз бетіне түсірді. Көңілді аниматорлар ұйымдастырған би бағдарламалары мен ойын-сауықтар мерекенің ажарын аша түсті. Балаларға тәтті сыйлықтар таратылып, көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын эмоцияларға толы әсерлі күн сыйланды.
Бұл игі бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №16 «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» бағытын жүзеге асыруға үлес қосады. Себебі әрбір баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру және қамқорлық көрсету – тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.
Балалардың шынайы күлкісі мен қуанышты жүздері – мерекенің ең үлкен жетістігі. Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған әрбір игі іс олардың жүрегінде мейірім мен сенім ұялатып, қоғамның ізгілік құндылықтарын нығайта түседі.
Балалардың күлкісі ешқашан үзілмесін, ал әрбір күндері шаттық пен бақытқа толы болсын!
Автор: Амантай Е. М.


